Американдық «Forbes» Шон Картердің бүкіл табысын есептеп шығарды. Оның түрлі саладағы бизнесінен түсетін пайдасын түгел назарға алған.
Нәтижесінде, Бейонсенің жұбайының шотына шарап фабрикасы ең көп қаржы әкелетіні белгілі болды. Бұл - 310 млн доллар жылдық кіріс. Ал, музыкалық жобалары 265 млн-нан аса табысымен қалтасын қампайтқан. Сонымен, Джей Зидің есімі миллиард долларлық мүлкі бар тұңғыш рэпер ретінде тарихқа енді!
Ал, ең жас миллардер Кайли Дженнердің кішкентай ханшайымы ауруханаға түсті. Сәнбикенің бір жасар қызы Стормидің аллергиясы қозып, дәрігерлердің көмегіне жүгінуге тура келген.
Абырой болғанда, балақай тез сауығып, қалыпқа келіпті. Сондықтан, сылқым жанкүйерлеріне алаңдамауды өтініп, әлеуметтік желі арқылы алғысын білдірді.
Виктория Бекхэм кезекті топтамасын таныстырды. Сәнгер бұл жолы қалыңдықтарға арнап, алғаш рет той көйлектерін тіккен.
Әдетте көз үйренген түрлі моншақтар мен оюларды мүлде қолданбаған бикеш, бүгінгі тренд – қарапайымдылық, - дейді. Виктория көз майын тауысып тіккен көйлекетерін 800 мың АҚШ долларынан жоғары бағалап отыр.