Кезінде дүркіреген «Дауыс интернейшнл» бүгінде құрдымға кетті. Құрамын қанша жаңартса да, бұрынғыдай тыңдарманын таба алмай жүр. Аты бар, заты жоқ брендтің бұлыңғыр болашағын байқаған Асыл Беделхан, топқа тың тәсілді ұсынды. Бірақ гелзбендтың экс-мүшесі айтқан кеңеске, жас қыздар құлақ түрер сыңай танытпады!
Алғашқыда «Қарлығаш» әнін ерекше интерпритацияда орындаған «Дауыс Интернейшнл» тобы, отандық эстрадада өз орнын тапқан-ды! Жиырма жылға жуық ғұмыры бар ұжымның құрамы осы уақыт аралығында бірнеше мәрте өзгерді. Қазір гелзбендтің шығармашылық шабыты сарқылған. Қыздар тобының жұмысын қайта жандандыру үшін қайтпек керек? Өзі түлеп ұшқан жобаның келешегіне алаңдаған Асыл Беделханның тың ұсынысы бар.
Асыл Беделхан, продюсер:
- Осы таяуда біз кездестік. Ақылдастық. Кішігірім менде ақыл болды. Кью-поп жанрында шаштарын бояп... Өйткені, кезінде «Дауыс интернейшнлдың» ерекшелігі – олардың музыкасында! Кью-поп жанрында сондай леп әсерін тигізсе, өз тыңдармандарын таба алады! Өйткені топтың тарихы бар. Жиырма жыл болды. күтпеген жаңалық болар еді деген сондай ақыл болған. Енді өзі шешер!
Асылдың ақылын қыздар қажетсініп отырған жоқ секілді. Жақында ғана жаңа құраммен жасақталған «Дауыс интернейшнл», түрлі-түсті шаш үлгісіндегі жобаларға жатырқай қарайтынын жеткізді.
Дауыс International тобы:
- Біз ондайға дайын емеспіз шыны керек. Енді бұл топта болмаса, басқа топта мүмкін. Ал бұл топта мен ондайға дайын емеспін. Менің ойымша «Дауыс интернейшнл» басқаша топ. К-поп топ емес!
Бірақ жаңашылдықтың керегін жақсы біледі. Өнерге енді келген сұлуларды сыртқы стиль емес, хит жазудың қамы жиі толғандырып жүр.
Дауыс International тобы:
- Бастысы әншінің танымал ететін әні. Сол себепті біз қазір ырғақты, көңілді, арасында рэп оқитын да шығармыз деген ойдамыз. Сөйтіп қаратпасақ енді. Жаңа заманауи терминдерді қосып, кішкене орысша сөздер, слэнгтерді қосып, сондай бір ән жазамыз ба деген ойдамыз!
Бұрынғы үрдістен жаңылмауды мұрат еткен бұл бұрымдылдар, қазіргі таңда композиторлармен кеңесіп, топ репертуарын пысықтау үстінде.