Бұған дейін фан-митинг ұғымы жанкүйерлермен жүздесумен шектелсе, қазір аталған сөздің шекарасы ұлғайған. Бұл жолы тыңнан түрен салған – «Жүзім» тобы. Асыл Беделхан басқаратын қыздар ұжымы, кью-поп өкілдері арасында алғаш рет қайырымдылық кездесу ұйымдастырды. Игі шарадан түскен қаржы қайда жұмсалмақ?
«Жүзімнің» жанкүйерлері бұл бас қосуда кумирімен кездеседі әрі сауапқа кенеледі. Өйткені, билеттен түскен барлық қаржы қайырымдылыққа жұмсалмақ екен.
Серікқазы Аязбаев, тілші:
- Асыл Айдарқызы айтыңызшы, біз талай фан-митингтерге барып жүрміз. Бірақ қайырымдылыққа арналғанын бірінші рет көріп тұрмыз. Идея авторы кім?
Асыл Беделхан, продюсер:
- Өзіміз шештік. Себебі біздің маусым басталғалы осындай акцент қойдық. Әр маусымда халыққа әлеуметтік, қайырымдылық жасаймыз деп. Енді барымызша көмектесеміз.
Серікқазы Аязбаев, тілші
- Ал енді түскен қаржы қайда, кімге аударылады? Кімге көмектесесіздер?
Асыл Беделхан, продюсер:
- Айару деген қыздың еміне жұмсалады. Біз сол қызбен сөйлесе келе жақсы көзқарасы барын байқадық. Бұл ауруды іштей жеңем, бұл ауру мені жеңбейді деген көзқарасы жақсы да ол қыздың. Бізге қатты ұнады.
Асыл бастаған арулардың әрбір кездесуіне өзгеше тақырып таңдалады екен. Қыздардың алғашқы фан-митингі «Бағынбаймын» деп аталса, бұл жолы бұрымдылардың жолдаған үндеуі: «Өзім білем!»
Серікқазы Аязбаев, тілші:
- Клиптің атауы «Өзім білем» дейді. Қыздар қаншалықты сізге бағынады? Өзім білем деп, арада ұрыс-керістер туып қалмай ма?
Асыл Беделхан, продюсер:
- Олай болмайды деп ойлаймын. Себебі қыздардың тәрбиесі бар, ақылы бар.
Жаңа видеоның желісі таптаурын тақырыптардан емес. Ерекше эмоциялардың топтастасуы – тың туындының тұздығы болған.
Juzim тобы:
- Аздап қайғылы жерлері болады, қуанышты жерлері де болады. Бұл дегеніміз әр түрлі көңіл-күйді сезе отыра – өзіңді тану!