«Қазнетте» Керменбаев пен Хамитованың жыры әлі күнге дейін қызу талқыға түсіп жатыр. Таяуда әнші бикеш Нұржанды айыптап, өткен өміріндегі бірнеше жайсыз жағдайларды жұртқа жария қылған-ды. Ал осы уақытқа дейін жұмған аузын ашпаған Қапқарашка, бұл жолы қыр-соңынан қалмаған қаңқу сөздердің нүктесін қоймақ!
Суперстарда басталған сезімнің оты әлдеқашан сөнгенімен, соңғы кездері Қапкарашка мен Хамитованың махаббат хикаясын қайта қазбалайтындар көп. 11 жыл бойы жұрт назарынан жырақта жүрген Жанардың отандық эстрадаға оралуы – экс-ғашықтарды ел есіне қайта салды.
Нұржан Керменбаев, әнші:
- Сахнаға оралғанын естіп жатырмын, көріп жатырмын. Өте қуаныштымын. Мен ол кісінің оралатынын білгенмін негізінде. Ешқандай таңғалу болған жоқ.
Иә, Керменбаевтың Жанардың өнеріне күмәні болмады, Хамитова да Нұржанмен ән шырқауға қарсы емес екенін ашық айтқан еді алғашқыда.
Жанар Хамитова, әнші:
-Неге болмасқа? Егер ол ән жазайық деп, ұсыныс жасаса... Қазір енді... мүмкін Нұржан келер...
Бірақ өмірде тағдыры тоғыспаған екі жастың, өнердегі шығармашылық тандемі де жалғаспайтын секілді.
Нұржан Керменбаев, әнші:
- Халық ол кезде дұрыс түсінбей қалады. Сондықтан Жанармен қайта дуэт жазбаймын. Ол мүмкін емес.
Керменбаев пен Хамитованың арасында достық қарым-қатынас та сақталмапты. Жуырда Жанар бұрынғы бойфренді жайлы біраз әңгіменің бетін ашқан еді. Ғаламторда тараған қауесетке қара бала қатысы жоқтығын байқатты.
Нұржан Керменбаев, әнші:
- Қазіргі таңда бір доспыз деп айта алмаймын. Ол кісінің не айтып жүргенін білмеймін. - Өйткені ақиқат айдан анық көрініп тұрады. Қазіргі таңда ол кісімен мені араластыратын ешқандай да тақырып жоқ. Менің интервьюге бармаған себебім де сол. Өзімнің жеке өмірім бар, өнерім бар.
Ал, өткен өміріндегі келеңсіздік, Керменбаевтың келіншегіне кері әсерін тигізіп жатқан жоқ па?
Нұржан Керменбаев, әнші:
- Келіншегіммен таныс емес кездері болған сондай бір таныстық, сондай бір араластық дүниелер ғой. Ол кезеңде де біз басқасы бар, пиары бар, қоспа әңгімелері бар. Оның барлығына Аллаға шүкір келіншегім сене бермейді, сенбейді.
Кезіндегі томпақ қара бала, бүгінде бір отбасының отағасы. Қазіргі таңда Нұржан мен Назеркенің жанұясында Мүсілім мен Омар есімді екі атқамінер өсіп келеді.