Көп ұзамай Киану Ривз француздық Ривьераға бас сұғуы тиіс! Себебі, халықаралық Канн кинофестивалі өз шымылдығын түрді! Әйгілі шараға жұлдызды қонақтар жиналуда. Соның бірі - көптен бері көрінбеген Селена Гомез.
Халықаралық Канн кинофестивалі – Селена үшін ұзақ емделуден кейінгі алғашқы ауқымды шара. Жүйке жүйесі сыр берген Гомез ауруханаға жатуға мәжбүр болған еді. Қызыл кілемде төбе көрсеткен ол, Джим Джармуштың «Өлгендер өлмейді» атты картинасын таныстыруға келді.
Әнші арудан өзге арнайы жолақ бойымен картинаның күллі актерлық ұжымы жүріп өтті. Олардың арасында Билл Мюрей, Хлоя Севиньи, Адам Драйвер мен Тильда Суинтон да бар. Еске салсақ, аталмыш лента «Алтын пальма бұтағын» еншілеуден үмітті.
Кейін «Өлгендер өлмейді» картинасының жұлдыздарына, қызыл кілемді босатуға тура келді. Себебі, Алехандро Гонсалес бастаған фестивальдің қазылар алқасы да кештің басты қонағына айналған еді. Киногерлер бұған дейін де ең үздікті анықтау оңай еместігін айтқан болатын.
Алехандро Гонсалес Иньярриту, режиссер:
-Меніңше, әлем көруге тұрарлық картина жеңімпаз атануы тиіс. Кино саласында бір-біріне ұқсамайтын ерекше картиналардың көбеюіне жол ашуымыз керек.
Жұлдыздай жарқырап, көзге түскеннің бірі – Ева Лонгория. Күні кеше артық салмағынан арыла алмай жүрген бикеш, бүгінде мінсіз мүсінімен мақтана алады. Сондай-ақ, айтулы шараға асыққандардың арасында Джереми Микс та бар.
Паппараций алдында әбден бой түзеген өнер өкілдері, Канн фестивалінің ашылу салтанатына бағыт алды. Айтулы сайыстың 72-ші рет шымылдығын түру бақыты Хавьер Бардем мен Шарлотта Гейнсбургке бұйырды.