Райан Рейнольдс та, Аль Пачино сынды кинотарихта өз есімін қалдыруға ниетті! Жағымсыз суперқаһарман «Дедпул» образымен танылған ол, енді сүйкімді кейіпкерге айналмақ. Көрермен тағатсыздана тосқан «Покемон» картинасы халықпен қауышуға әзір!
«Покемон. Детектив Пикачу» картинасының су жаңа трейллері жарыққа шыққан алғашқы тәулігінде 2 миллионға жуық қаралым жинап үлгерді. Соған қарағанда, киносүйер қауым фантастиканы тағатсыздана күтіп жүрген болуы керек. Қанша дегенімен, фэнтези лента көрерменді балалық шағын еске түсіретін ерек туынды болмақ.
Кэтрин Ньютон, актриса:
- Түсірілім алаңында лентаны ойдағыдай шығу үшін, бәрін еске түсіріп балалық шағыммен байланыс орнатау керектігін түсіндім. Көрермен де фильм арқылы, өзін бұрынғыдай, кішкентай балақай ретінде сезіне алады деп ойлаймын.
Еске салсақ, лента «Покемон» видео ойынының негізімен таспаланған еді. Сюжет бойынша, бас кейіпкер Тим Гудман әкесінің жұмбақ жағдайда жоғалуын зерттеуге кіріседі. Маңызды миссияны орындауда бозабалаға детектив Пикачу қол ұшын созады.
Джастис Смит, актер:
- Лентаның киногерлері өте керемет жұмыс жасады. Покемонды шынайы етіп шығару - камераның кері тұсындағы ұжымның ерең еңбегі дер едім. Балалық шақтағы Покемон тірілгендей.
Пикачуды дыбыстау – Райан Рейнольдсқа сеніп тапсырылған болатын. Марвелдық суперқаһарман «Дэдпул» арқылы елге танылса, енді халық жүрегін сүйкімділігімен жауламақ.
Райан Рейнольдс, актер:
- «Дэдпулда» көрерменге ұнаған элементтер «Пикачуда» да болады. Мен Дэдпулға қалай барымды салсам, Пикачуда да дәл солай жұмыс істедім.
Покемонның қазақстандық жанкүйерлері лентаны мамырдың 16-сынан бастап үлкен экрандардан тамашалай алады!