Виктория Бекхэм 45 жаста!

Сообщить о проблеме с эфиром

Инстаграммен қатар, күллі әлем жұлдызына айналған Виктория Бекхэмнің бүгін туған күні! Әйгілі аяқдопшы Дэвидтің жары 45 жасқа толып отыр. «Spice Girls» тобының экс-әншісі, әрі дизайнер танымалдылық шыңына қалай жетті?

Шығармашылығын алғаш сахнада бастаған Виктория Бекхэм әйгілі «Spice Girls» ұжымында өнер көрсеткен. 1994-те құрылған гелзбендте, ол 6 жылдан астам ән шырқады.

Топтан кеткен сәттен кейін, Виктория жеке мансабын да қолға алған. Бүгінде аты аңызға айналған қыздар ұжымы қайта бірігуді көздеуде. Алайда, Бекхэмнің жұбайы бұл ұсыныстан бас тартты. Себебі дизайнердің уақыты тапшы.

Виктория Бекхэм, дизайнер:

- Кейде балаларыма уақыт аз бөлетінімді түсінемін. Біздің үйде Бруклин кеш ұйықтайды, мен онымен сырласу үшін түн жарымға дейін отырамын, ал Харпер ерте тұрады, қызыммен бірге тұруым қажет. Бұдан бөлек менің жұбайым мен жұмысыма көңіл бөлуім қажет.

Әншілікпен қош айтысса да, Виктория өзге қырынан таныла алды. Дизайнерлік пен сән әлемінен табылған бикеш «Victoria Beckham Collection» атымен өз топтамаларын ұсынып келеді.

Виктория Бекхэм, дизайнер:

- Мен өнердің барлық саласын байқап көргеніме сенімдімін. Ән айттым, биледім. Алайда менің жан дүниеме ең жақыны сән екенін түсіндім.

Викторияның танылуына күйеуінің де қосқан үлесі зор. Әйгілі экс-аяқдопшы Дэвид Бекхэмге тұрмысқа шыққан дизайнер, 20 жылдан астам уақыт тату тәтті отбасының ұйытқысы болып отыр. Төрт бірдей бала тәрбиелеп отырған жұлдыздар голливудтың үлгілі жұптарының бірі.

Бекхэмдер әулетінің жылдық табысы - 165 млн АҚШ долларына бағаланады. Бүгінде 45 жасқа келген Виктория, төл мерекесін отбасымен бірге өткізуде.