Гауһар Әлімбекова сот залынан ақталып шықты!

Сообщить о проблеме с эфиром

Әлімбекованы әлекке салған іс, бүгін өз мәресіне жетті. Бірнеше сот отырысын өткізіп, қос тарапты мұқият тыңдаған судья, Гауһарды жазықсыз деп таныған. Бірақ жәбіленуші Назарова бұл шешімге наразы. Атышулы даудың жай-жапсарын Серікқазы Аязбаев айтады!

Сот алқасы өз орнына жайғасты, прокурор да тас-түйін дайын. Бірнеше айға созылған қылмыстық істің нәтижесі немен тынды? Атышулы оқиғаға төрелік еткен судья бүгін соңғы шешімді шығарды.

Нұрғазы Әбдіқанов, судья:

-Әлімбекова Гауһар Серікбайқызы ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы, 4-бөлімінің 2-тармағымен тағылған айып бойынша кінәсіз деп танылып, іс-әрекеттерінде қылмыс құрамының болмауына байланысты ақталсын!

Гауһар бостандықта! Жағымды хабарды естіген сәтте әнші мен ет-жақындары қуаныштан көз жасына ерік берді.

Гауһар Әлімбекова, әнші:

- Қуанышымда шек жоқ. Әділдік бар! Мен әділіктің бар екеніне баяғыдан сенгенмін. Таныс кімде көп? Менде көп! Ешқандай танысымды салған жоқпын. Себебі мен бірінші Аллаға сендім.

Сот үкімі шыққанымен, Назарова әлі де наразы! Жәбірленуші тарап, алдағы уақытта да ақиқатты іздейтінін айтты.

Бақыт Назарова, жәбірленуші:

- Ары қарай мен бүкіл әлемдік құқықтық органына беремін. Мен ары қарай кете беремін. Мен ойлаймын әділдік шығады деп. Менің оған ешқандай күмәнім жоқ. Енді «аққа Құдай ақ болса ғана жақ», дейді ғой. Қазір бұл кісілер қуана берсін. Алда да өмір бар. Көрсете жатар. Менікі ақиқат!

Абзал Құспан, Г. Әлімбекованың адвокаты:

- Бір жылдың ішінде Жоғарғы сотқа шағым бере алады. жағдайды ауырлату үшін, бір жыл мерзім. Біз Жоғарғы сотқа да баруға дайынбыз. Өйткені жоқ нәрсені қайдан табады енді? Жоқ қой енді! Ешқандай дәлел жоқ!

Жәбірленуші Назарова дабыл қағып жатқанда, Әлімбекова сот шешімі шыққан сәттен-ақ шығармашылық жоспарын құрып үлгерген.

Гауһар Әлімбекова, әнші:

- Алматы қаласында үлкен бір қайырымдылық концерт жасап, дұғада болған халқымды концертке шақырғым келеді. Халыққа ризамын!

Әлімбекованы қолдау мақсатында халық пен өнер өкілдері жинаған қаржы, толықтай қарапайым қарашаның игілігіне жұмсалмақ!