Бүгін Баян Алагөзованың орталығында туған күн. Осыдан тура 13 жыл бұрын отандық шоу-бизнестегі гелзбендтердер тізімін «Кешью» тобы толықтырды. Аталған уақыт аралығында қыздар ұжымы біраз биікті бағындырды, алайда сұлулардың сүрінген сәттері де жоқ емес. Шулы топтың тарихына шолу жасап көрейік.
Бастапқыда батыл образдарымен жұрт назарына шыққан «Кешьюдің» сахнадағы стилі сан мәрте өзгерген еді. Әнел бастаған арулар – Баян мен Бағымның ән әлеміндегі «тұңғышы» ретінде танымал. Бірақ анда-санда ұстаз мен шәкірттердің шекісіп қалатыны бар. Мәселен, Мөлдірмен біраз жылдар бойы бет-жүздерін көріспей кеткен Мақсаттың қыздары, былтыр Әуелбековамен татуласты әйтеуір.
Мөлдір Әуелбекова, әнші:
-Баяғыда біз Баян деп еркелетіп айтатынбыз. Қазір барлығына үйреншікті Баян Мақсатқызы болып кетті. Ол кісінің жүрегі бұрыннан бері жұмсақ кісі ғой. Қазір басынан мынандай оқиға өткеннен кейін, одан бетер жұмсарып кеткен.
Жанар, Кәмшат, Айдана ән салған шақта, «Кешьюдің» шығармашылығы щарықтады және сұраныс та артқан деседі. Сондықтан, бұл бикештерді «Алтын құрам» дейді. Жас қыздар келсе, дәл осы әншілермен салыстырады көпшілік.
Кәмшат Жолдыбаева, әнші:
-Қай «Кешью» болмасын әр толқынның өзіндік ерекшелігі бар. Сондықтан, қазіргі келген қыздар жастарға арналған топ деп білемін. Олардың стилистикасы да сондай. Салыстыру қашанда болады. Біз келген кезде, бізді де салыстырды алдыңғы топпен. Сондықтан да, ол тоқтамайды және де жақсы.
Жанар Дұғалова, әнші:
-Жаңа әндерін естіп жатамын. Еңбектерін бағалап жатамын. Маған өте ұнайды. Музыкалары да. Енді, кәсіби мамандардың қадғалауымен жүріп жатқан, талай жыл келе жатқан топ. Сондықтан да, оларға тек сәттілік тілеймін.
Бұл қыздарды көпшілік «атышулы құрам» деп атайды. Өйткені, сылқымдар өнерде жүріп, өмірлік серігін жолықтырды!
Ақбота Сейітмағамбет, әнші, актриса:
-Негізі мен өнер адамына тұрмысқа шықпаймын дегенмін, кішкентай кезімде. Бірақ енді... Алла Тағаланың қалауымен жолдасым өнер адамы болды. Бір жағынан өнер адамы болғаны да дұрыс болыпты. Өзіңді қолдайды, түсінеді, қызғанбайды. Артық әңгіме айтпайды. Түсірілім алаңына кетіп бара жатқан кезде, кеттім деймін. Ал, өнер адамы болмаса қызғаныш, ұрыс-керіс болуы мүмкін ғой.
Айтпақшы, Алагөзованың жоспардағы жобалары жетерлік. Келешекте «Кешью» туралы толықметрлі картина таспаламақ. Мюзикл жанрындағы фильм, атышулы гелзбендтің жүріп өткен жолын суреттемек.
Элизат Берікова, «KeshYOU» тобының экс-әншісі:
- «Кешьюдің» өмірбаяны негізі қызық болған ғой.
Сахнаның ар жағында болатын дайындық, қобалжу, сахнаның сыртындағы өмір өзгеше, қызығырақ...
Балауса, Наргиз және Ләззат! Өрімдей жас қыздар жыл басында жасақталған жаңа құрамның мүшелері. Бұл бұрымдыларға Баян Алагөзова үлкен үміт артып отыр.
Баян Алагөзова, продюсер:
- Бұл құрам тек жанды дауыста ғана өнер көрсетеді. Қыздардың талапты орындауға толықтай мүмкіндіктері жетеді. Бұл «Кешьюдің» тарихында болмаған. Бірақ топтағы бұрынғы әншілерді жамандағаным емес. Ол кезде түрлі себептерге байланысты, фонограммамен айтуға тура келетін.
«KeshYou» тобы:
- Кейбіреулеріне жағып жатамыз, кейбіреуге жақпаймыз. Енді оны уақыт көрсетер. Менің ойымша біз үздік топ құрам екенін дәлелдесек, халық та бізді қабылдайды деген үміттеміз.