Хайп жасауда өзгелерді баяғыда-ақ басып өзған Бейонсе болса, фильмнің бас кейіпкеріне айналды! Нетфликс компаниясы әйгілі әншіге арнап түсірілген деректі лентаның трейллерін ұсынды. Таспаланған тың туынды не туралы болмақ?
Netflix-тің тапсырысымен таспаланған лента «Homecoming: A Film By Beyoncé» атауына ие болған. Онда, әншінің Coachella фестиваліне дайындығы мен кеште өнер көрсетуі толықтай баяндалады. Еске салсақ, аталмыш шарада Бейонсенің хедлайнер атануы тарихи сәтке айналған еді. Себебі, ол аталмыш фестивальдің бас кейіпкеріне айналған тұңғыш қара нәсілді өнер иесі атанды.
«Мен өз нәсілімнің өкілі атанғым келеді, ол - адамгершілік нәсілі». Дәл осындай тіркестер трейлерде айтылады. Әнші, бұған дейін де талай рет нәсілшілдік тақырыбында сөз қозғаған еді.
Бейонсе, әнші:
-Сырт келбетіне қарамастан, біздің тарихымызды танытып, еңбегімен шоу-бизнес алаңында жетістікке жетіп жүрген жандардың бары қуантады. Мен де қара нәсілді өнер өкілі ретінде, солардың бірі екенімді мақтан тұтамын.
Сондай-ақ, лентада әншінің 26 трегі орындалады. Бейонседен өзге, фильмде Соланж Ноулз, Jay-Z, Destiny’s Child тобының бұрынғы мүшелері Келли Роуленд пен Мишель Уильямс төбе көрсетеді. Деректі картина сәуірдің 17-сі күні көрермен назарына ұсынылмақ.