Лас-Вегасте күллі киногерлердің басын қосқан «Cinemacon» өз мәресіне жетті. Айтулы фестивалге туындыларын таныстыру үшін келген режиссерлар, өз фильмдеріне қатысты біраз құпияларын ашқан көрінеді. Сонымен, көрермен қауымды қандай қызықтар күтіп тұр? Жауабын тілшіміз біліп көрді.
Әр көктемде Лас-Вегас төрт күнге әлемдік кинокәсіп астанасына айналады. Мұнда жыл сайын кіл мықты режиссерлар мен актерлар, «Cinemacon» фестивалі аясында кезекті жобаларын жарнамалауға жиналады. Мәселен, Ева Лонгория әйгілі «Саяхатшы Дора» анимациялық туынды желісімен таспаланған су жаңа картинанысын таныстыруға келген еді.
Онда актриса, саяхатшы қыздың анасы кейпінде. Ал, Дораның образын сомдау – Изабела Монерге тапсырылған.
Изабела Монер, актриса:
-Кішкентай кезімде мені барлығы Дора деп атайтын. Себебі, шаш үлгім де, түрім де кейіпкерге ұқсас еді. Ал, фильм ойдағыдай шықты деп сеніммен айта аламын.
Әйгілі комик Джим Кери шараға видео ойынның желісімен таспаланған «Соник» картинасының атынан келіп отыр. Жарық көрместен, көпшіліктің сынына ұшыраған лентада актер жауыз кейіпкерді дыбыстайды.
Джим Керри, актер:
-Соник өте күлкілі кейіпкер. Мен де кезінде осы ойынды ойнағанымды жасырмаймын. Лента бұрынғы естеліктерді қайта еске түсіреді деген үміттемін.
Жас актер Тэрон Эджертон болса, ең ауыр образ өзіне бұйырғанына сенімді. Өнерпаз қызыл кілемде, өзі басты рөлді сомдайтын Элтон Джон туралы байопикті таныстыру үшін төбе көрсетті.
Тэрон Эджертон, актер:
-Белгілі бір тұлғамен өмірде танысып, кинодағы оның образын сомдау ерекше сезім. Маған барлығы ұнады, алайда қобалжу сезімі басым. Элтон Джонның киноға қатысты пікірі қандай болады дегендей.
Майталман музыканттың жанкүйерлері, биографиялық лентаны көп ұзамай тамашалай алады деп сендірді актер. Оның айтуынша, фильмнің премьерасы жаз маусымының басына жоспарланып отыр.