«Азия» мен «Бақайдың» «Опмай-опмайы» шыққалы шығармашылығы қайта жанданғанымен, қос топты даттайтындардың саны азаймай тұр. Хэйтерлер, аталмыш хитті жеңіл-желпі әндердің санатына жатқызса, олар бұл пікірмен келіспейді. Орындаушылар, таяуда тағы бір өзекті тақырыпты тілге тиек етпек.
Дәл қазіргі қаралымы 32 миллионға жеткен «Опмай» әнінің жетістігі, «Азия» мен «Бақайдың» өнердегі 15 жылдық тарихында бұрын-соңды болмаған. Аталған туындыға аға буын жатырқай қараса, оқушылардың керісінше қызығушылығы басым.
«Бақай» & «Азия»:
-Томпақтармен айтып жатырмыз ғой, қаншама бала қызығып тұр. Біз айтқанда ғой «Опмайды» деп, қызығушылық білдіріп тұр.
Жас өрендердің «Опмайға» деген құштарлығынан бөлек, бесіктегі бөбектердің аталмыш әнді естісе, ұйқысы шайдай ашылатын көрінеді. Ал, көк жәшіктен клипті көрген балақайлар, тіпті тапжылмай қарайды екен.
«Бақай» & «Азия»:
-Менің байқағаным да кішкентай балалар жылап жатады. «Опмайды» қойып қойса, тоқтай қояды. Бесіктегі бала жылап жатады. Анасы шаршап кетті де, «Опмайды» теледидардан қоя салды. Бала жылағанын тоқтата салды. «Опмай-опмай» болмағанда не істер едік? Үй-ішінің жұмысын бітіре алмаушы едік!» - деген сәлемдемелер келіп жатады.
«Азия» мен «Бақайлықтар» бұл бейнебаянда астарлы әзілмен бүгінгі әндердің бет-бейнесін әжуа етсе, қос ұжымның кезекті клипі де – өзекті!
«Бақай» & «Азия»:
-Келесі әніміз біздің кредитке байланысты болады. Ол өте өзекті мәселе. Барлығының басында бар. Қасірет деп айтуға болады. Сондықтан кредит жайында біз шығарғанға дейін, біздің әріптестеріміздің ішінде жанталасып шығарып жатқандары да бар. Бірақ енді біз өзіміздің «Атың өшкір кредит» деген әнге бейнебаян түсіргелі жатырмыз!
Тың туындының түсірілімі таяуда басталады. Қазақ қоғамындағы өзекті тақырыпты тілге тиек еткен қос топ, жаңа клиптің тұсауын мамыр айында кеспекші.