Маржан Арапбаева алаяқтарға алданбауға шақырады!

Сообщить о проблеме с эфиром

Маржан Арапбаева алаяқтардан абай болуға шақырады. Өнер иесі, қайырымдылық шараларына ат салысқанымен, соңында жиналған қаржы әлдекімдердің қалтасына кеткеніне куә болған. Мұндайды алдын-алудың жолдары қандай? Аузы күйгендер айтсын!

Арапбаеваның жақсылыққа да, жаңалыққа да жаны құмар. Қолы қалт етсе қайырымдылыққа бір табан жақын Маржан, игі бастаманың аяғы алаяқтардың арбауымен тәмамдалғанын талай көрген. Бұдан былай көмекке зәру адамдардың тарапынан ұсыныс түссе, алдымен ресми құжатты мұқият тексеріп алуға кеңес береді.

Маржан Арапбаева, әнші:

-Міндетті түрде оның арғы жағында кім тұр? Қандай есеп-шотқа қаржы түседі? Кім ұйымдастырып жатыр? Міндетті түрде барлығын тексеру керек. Өкінішке орай қайғылы сәтті пайдаланып, көптеген халықты алдап жатқан ұятсыздау адамдар қазіргі таңда бар.

Кезінде Арапбаева кешкен күйді, Оразымбетова да көзбен көріп, бастан өткеріп үлгерген. Гүлнұр қайырымды жандардың қатарын толықтырғысы келгенімен, жоспары жүзеге аспапты. Сондықтан болар, әнші бикеш әрбір қадамын аңдып басып, алданбаудың түрлі тәсілдерін ойлап табуда.

Гүлнұр Оразымбетова, әнші:

-Сол баланың ауырып жатқан, болмаса ауырып жатқан кісінің адамдарымен хабарласып, қолына апарып берген дұрыс деп ойлаймын. Себебі арнайы ашылған есеп-шоттарға мен шынымды айтсам сенбеймін. «Аузы күйген үрлеп ішеді» - дейді ғой. Сондай ақшаны аударып, ол ақшаның қайда кеткенін білмей қалған жағдайлар болған.

Отандық шоу-бизнестің кейбір өкілдері мұндай ақпараттан мүлдем бейхабар. Мәселен, ұсыныс түссе қайырымдылық концерттерден қалмайтын Бейбіт Көшқалиев, өзі үлес қосқан іс-шараның табысына ешқашан үңілмегенін айтады.

Бейбіт Көшқалиев, әнші:

-Иә, естіп жатамын ондайды. Шынымды айтсам олай тексермеппін де. Жиі барамын. Алаяққа түсіп жатырмыз ба, ары қарай бір Құдай біледі. Әйтеуір өзіміздің әнімізді айтып, оған біздің ештеңеміз кетпейді. Ары қарай күнәсін өздері алар!