Азамат Сатыбалды, театрлар арасында бәсекені арттырудың тың тәсілін тапты

Сообщить о проблеме с эфиром

Азамат Сатыбалды жылы орынға жайғасқалы, тың идеяларымен жиі бөлісіп жүр. Ғ. Мүсірепов атындағы театрдың директоры, жаңа жылдың алғашқы қойылымын «хайп» тақырыбына арнаса, бұл жолы тұңғыш рет қазақ көрермендеріне «концерт-спектакльді» ұсынды...

Тұсауы кесілген тың туынды «Аманат» деп аталады. Бұл қойылымда құрамы 80 музыканттан тұратын оркестр мен 50-ге жуық актерлар аянбай тер төккен. «Концерт-спектакль» біздің елде алғашқы мәрте ұсынылғанымен, мұндай тәжірибе Еуропа мен Ресейдің театр кеңістігінде қарқынды дамыған. Ал отандық көрерменді тәнті қылу идеясының авторы – Азамат Сатыбалды!

Азамат Сатыбалды, актер:

-Мен Хабенскийдің концертін көрдім. Симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен оқыған поэзиясын. Екатерина Гусеваны көрдім. Казаковтар бар, Дальдар бар. Ресейде көп жасайды. Мен театр актерларының өте жоғары екенін, кәсіби деңгейінің керемет екенін көрсеткім келді. Сол үшін арнайы жасадық.

Бұл жұмысқа бүкіл ұжым білек сыбана кіріскенімен, олар таңсық жобаға бірден үйренісе алмаған. Қойылымның концепциясын заманға сай бағыттап, тың туындыны көрерменге ұсынған – режиссер әрі актер Данияр Базарқұлов.

Данияр Базарқұлов, режиссер:

-Бірден іліп алып кете алған жоқ. Оны бірден айтайын. Себебі оркестрді тыңдап отырып ән айту, оркестрді тыңдап отырып монолог, поэзия оқу – ол оңай нәрсе емес. Оңай дүние емес. Басында екі жақ қиналып, бір-бірін түсіне алмай, сондай бір сәттер болды.

Жаңа жобада актерлық шеберлік, әуезді әуен мен поэзия үндестігін тапқан. Қойылым репетуарына таңдалған шығармалар Қорқыттан бастап, заманауи музыкамен ұштасады. Ал, оркестр мен спектакльдің тандемі, көрермен көңіліне ой сала алды ма?

Асхат Маемиров, режиссер:

-Бәріміз білеміз музыканы жүректен қабылдайды, ал поэзияны адам санамен қабылдайды. Сондықтан мынау эмоция мен рационың бір-бірімен байланысқан түрі. Менің ұғымымда бұл әдемі дүние.

Театр ұжымының өнердегі өнімдері мұнымен шектелмейді. Кезекті жобаны симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өткізуді жоспарлап отыр.