Асқар Ұзабаев өзін жаңа бағытта сынамақ

Сообщить о проблеме с эфиром

Отандық кино саласында қызмет етіп жүрген Асқар Ұзабаев, тың бағытта жұмыс істеп көруді көздейді. Ол енді театр режиссері атанбақ. Өз ісінің шебері Асқар, фильм түсіруден шаршаған ба?

Талай фильмдерге режиссерлік еткен Асқар Ұзабаевтың қоржынында бүгінде, 10-нан аса толықметрлі картина мен бірнеше телехикая бар. Талантты киногер өз тәжірбиесімен бөлісу үшін жастардың басын қосып, шағын кездесу өткізді.

Асқар Ұзабаев, режиссер:

-Менен кеңес сұрайтындар көп. Енді өзім жіберген қателіктерді қайталамаса екен деп, тәжірбиеммен бөлісіп отырамын. Қолдан келгенше көмектесуге әрдайым дайынмын.

Асқар да, Ресей мен АҚШ-та танылып жүрген қазақстандық режиссерлар Айсұлтан Сейітов пен Медет Шаяхметов сынды, әлемдік нарықта бағын сынап көрмек. Бірақ, әзірге шетелдіктердің тарапынан ұсыныс түспеген.

Асқар Ұзабаев, режиссер:

-Мен халықаралық жобаларды жасап, шетелде жұмыс істеп көргім келеді. Бұл таптырмас тәжірбие. Егер мүмкіндік болса, ұсыныс түсіп жатса, неге байқап көрмеске.

Ұзабаевтың пайымдауынша, режиссер кадрдың сыртында жүруі тиіс. Ал экраннан көрінгісі келетін әріптестерінің әрекетін түсінбесе де, мін тағудан аулақ. Таңдау – әркімнің өз қалауында дейді. Ал Асқардың мақсаты, киномен ғана шектелмей, өзін театрда да байқап көру екен.

Асқар Ұзабаев, режиссер:

-Әрине, театр мен үшін жаңа белес болар еді. Себебі, сахнада бәрі шынайы өмірдегідей. Қойылым қою мен үшін таптырмас мүмкіндік. Сондықтан, қазіргі басты қалауым - театр.

Әзірге, Ұзабаев кезекті жобасына білек сыбана кіріспек. Режиссердің таспалайтын тың туындысы, MMA жауынгерінің өмірінен сыр шертетін спорттық драма болмақ.