«Алаяқтық» бабымен айыпталған Әлімбекованың кезекті сот отырысы немен аяқталды?

Сообщить о проблеме с эфиром

Соңғы уақытта сахнадағы өнерін, сот залындағы өмірге алмастырған Гауһар Әлімбекова, бүгін тағы да судьяның қарсы алдына жайғасты. Әншіні әбігерге салған қылмыстық оқиғада – айыптының да, жәбірленушінің де өз ұстанымы бар. Ал, әділдік кімнің жағында? Серікқазы Аязбаев сөйлейді!

«Алаяқтық» бабымен алты жылға сотталған Әлімбековаға қатысты қылмыстық іс күн санап, күрделеніп келеді. Бүгін атышулы оқиғаның басты кейіпкері Феруза Ордабаева да сот залына шақырылған. Алғашқыда Гауһардан ақша алғанын мойындаған ол, бұл жолы пікірін өзгертіпті.

Феруза Ордабаева, сотталушы:

-Ол адамның жауапқа тартылып, сотталғанын еш қаламаймын. Сондықтан мен білсем де, тіпті айтпаймын. Өзімнің еркімде.

Бұл істе шикіліктің бары анық байқалады. Ал айыпты деп танылған Әлімбекованың жауабы қаз-қалпында. Көз жасына ерік берген танымал әнші, даулы мәселенің тезірек тәмамдалғанын аттай қалап жүр.

Гауһар Әлімбекова, әнші, композитор:

-Мына нәрсенің өзі әлі күнге дейін басымнан өтіп жатқан түс сияқты. Түсімнен ояна алмай жүрген сияқтымын. Басқа-басқа, мен ақша үшін ондай нәрсеге ешқашанда бармаймын. Барлығынан сұрап көріңіздер. Мен дүние үшін таласатын адам емеспін.

Әдетте әнсапар мен той-томалақтардан қолы босамайтын өнер өкілдері, Әлімбекованың тағдырына шынымен алаңдай бастаған секілді. Бүгін танымалдар сот залында төбе көрсетті. Бірақ жұлдыздардың қаржылай жәрдемі, жәбірленушіні қанағаттандырмаған көрінеді.

Ерғали Әбдірайымов, продюсер:

-Кеше жәбірленушіге әншілердің жинаған қаржысын беруге келістік. Мынаны алыңыз десек, жоқ мен 80 мың доллар алуым керек. Неге десеңіз, мен кредит алғанмын. Оның проценті бар, мен Гауһарға шәй алып бергенмін дегеннің бәрін қосып отыр да.

Абзал Құспан, Г. Әлімбекованың адвокаты:

-80 мың доллар беріңдер деп отыр! Бірақ Гауһар келіспейді оған. Тіпті 40 мың долларға да келіспейді. Неге десеңіз, Гауһар өзінің кінәсін мойындап отырған жоқ қой. Ал Гауһардың атынан беріп тастаған жағдайда, ол кінәсін ішнара мойындағанмен тең әрекетке жатады. Бұл Гауһардың ұстанымы!

Бұл дауға әлі нүкте қойылар емес. Келесі сот отырысы сәуір айының 4-і күніне шегерілді.