Қазақстандық «Алмас» дуэтінің тректерін де, музыкалық плэйлистіңізге қосып алыңыз. Талантты екі өнерпаздан құрылған ұжым, қазақтың халық әндерін француз тілінде шырқайды. Аталмыш топ тіпті дебюттық үнтаспаларын көпшіліктің көмегімен жарыққа шығарыпты.
Қазақтың халық әндерін французша орындаған Әсем Әбдіқасымова, бір жарым жыл бұрын Франциядан оралыпты. Елге танымал туындыларды француз тіліне аудару идеясы сол жақта пайда болған. Шетелде білім алған бикеш, бала күнінде бірге өскен құрбысы Полина Тыринамен «Алмас» дуэтін құрады..
«Алмас» дуэті:
-Біздің топтың ерекшелігі түрлі тілдердің қолданылуында. Себебі біз шет тілдерде, қазақ әндерін орындаймыз. Бүгінде 9 тілді меңгеріп үлгердік. Ең бастысы музыка жанрларына тәжірибе жасаудан қорықпаймыз.
Ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен сазды әуендерді шырқап жүрген қос өнерпаз, дебьюттық үнтаспаларын ұсынды. Авторлық тректерден де тұратын альбомды жарыққа шығару үшін қыздар, краудфандинг әдісіне жүгінген. Халықтан қаржылай қолдау алған топ, бас-аяғы 253 мың теңге жинаған екен.
«Алмас» дуэті:
-Біз жаңа альбом шықпай тұрып, алдын ала сатылымын краудфандинг платформасына салдық. Ол жерде альбомға алдын ала тапсырыс беруге болатын нұсқа болды. Алайда адамдар толық түсінбесе де бізге қаржылай көмегін аямады.
«Алмас» дуэтінің алғашқы концертіне, Қазақстандағы француз елшілігі қолдау көрсетіпті. Ұзақ жыл шетелде тұрған Әсем, кезінде «Super Star» жобасына да қатысқан екен.
«Алмас» дуэті:
-Мен «Super Star» жобасына қатысқанымда жасым 16-да еді. Ол кезде алғашқы турдан өтпей қалдым. Маған тым жассың дегендері есімде. Тіпті қатты көңіліме алғанмын.
Тыңдарманның қошеметіне бөленген талантты өнерпаздардың алдағы жоспары, қазақ музыкасын шет елге таныту.