Отандық эстрадаға 17 жасында алғашқы қадамын жасаған Қайрат Нұртас бүгін 30-ға толды. Осы уақытқа дейін сан түрлі сынға ұшыраса да, серінің сағы сынған жоқ. Керісінше, xалықты жетістігімен мойындатып келеді. Бүгінде тәжірибелі әртіске айналған хитменнің, сұраныста болуының сыры неде? Серікқазы Аязбаев шолу жасайды!
«Арман» – Қайраттың тұңғыш хиті. Мыңдаған жүректерді жаулаған ән, жұртқа бейтаныс бозбаланың атағын аспандатып, танымалдылығын лезде арттырды. Бірақ Нұртастың ұлына әрдайым сәттілік серік бола қойған жоқ. 2013-ші жылы Алматыдағы сауда орталықтарының біріндегі концертте үлкен жанжал туындап, өнерпаздың абыройына нұсқан келген еді.
Дегенмен, басын біраз сергелдеңге салған келеңсіздіктер жұлдыздың жігерін жанши алмады. Отандық эстраданың үздігі тыңдармандарын тамсандырудан жалыққан емес. Бұрын-соңды болмаған 3Д форматында кеш өткізді, ізін суытпай «инновациялық шоуды да» ұсынды көпшілікке...
Жаңашылдыққа жаны құмар «КН» командасы, шоу-бизнес өкілдерінен дараланудың түрлі жолдарын көрсетуде көш басында. Қайраттың 2015-ші жылы өткен концерттінде Тимати қонақ ретінде төбе көрсетсе, қазақ баласы әйгілі әнші Нюшаға ана тілінде Алматы жайлы ән салдырды.
Қайрат Нұртас, әнші:
-Менің риза болғаным бір күнде мен Москвада болдым. Нюшаға сол әнді тыңдаттым. Бірінші күні «менде келемін» деп сөйлегендері бар ғой рекламада. Артынан Алматыға келіп, кәдімгі қазақшалап, сөйлеп, ұрып тұр. Маған өзіме ұнады. Қиналмаған сияқты...
Қайраттың ұжымы отандық киноиндустрияға да өз үлесін қосуда қол қусырып қалған жоқ. «Арман» атты картинада – он жыл жасырған жұбайы Жұлдызды дүйім жұртқа таныстырып, халықтың қошеметіне тағы бір мәрте бөленгені бар.
Қайрат Нұртас, әнші:
-Жұлдыз әлі сондай. Әлі сондай қарапайым, әлі сондай әдемі, әлі сондай тәтті... Рахмет саған, жаным-ааау! Осы күнді қанша күттің. Бізге де оңай болған жоқ ағайындар!
Қайраттың құпиясы таусылмайды. Алғашқыда келіншегін, кейін араға алты ай салып төрт баласын «жанұялық концертінде» көрсетті.
Қайрат Нұртас, әнші:
-Жанұямды таныстырдым, отбасымды көрсеттім, 10 жыл жасырған әйелімді көрсеттім. Енді халықтың алдында бетім ашық. Құдайға шүкір енді күнде суретке түсіп, күнде мақтанамын.