Әлімдік брендтердің әр жарнамасын қалт жібермейтін сән қуған сұлулар Нью-Йоркке ағылуда! АҚШ-тың әсем қаласында фешн-уик басталды. Алғашқы болып, Том Форд келген қонақтарын таңқалдыруға тырысты.
Әсемдік салтанатының шымылдығын түрген дизайнер, меймандар назары үлгілерде болсын деді ме, шоу жасап әуреленбеді. Есесіне, америкалық брендтің талғаммен тігілген туындылары көпті тәнті ете білгендей. Ерлер мен әйелдерге арналған топтама – зергерлік тастардың түстеріне негізделген екен.
Айтпақшы, отандық сәнгерлердің сүйікті «мақпал» матасы Том Фордтың шеберханасына да жеткендей. Одан өзге, су жаңа үлгілерде тон, тері, атлас, жібек, барқыт – бәріне де орын бар.
Фэшн-шоудың жарық жұлдызына айналған Белла Хадид. Көрсетілімді зі ашпаса да, қонақтардың көзі мен көңілі 23- жастағы модельге ауған еді. Сәнбикені сүйсіне тамашалаушылар арасында Карли Клосс, Кортни Лав, Поппи Делевинь мен Патрик Шварцнеггер де болды.