Соңғы жылдары сыйластықтарына сызат түскен Бағым мен Мөлдірдің арасындағы қарым-қатынас енді оңала бастаған. Ашығын айтайық, ұстаз бен шәкірт шынымен татуласыпты. Алғашқыда аталған ақпаратты Әуелбекова жария етсе, бұл жолы Мұхитденованың өзі растады.
«Татуласу» операциясы Мөлдірдің есеп беру кеші қарсаңында іске асты. Ұзақ жылдар бойы ұстаздарымен ат-құйрығын үзіскен Әуелбекова, жұлдызын жаққан жандардың жақсылығын ұмытпаған.
Мөлдір Әуелбекова, әнші, продюсер:
-Мен өзім сондай жұмысқа немесе өмірге байланысты, болсын бір адаммен қарым-қатынасым дұрыс болмаса, мен өзім іштей тыныштық таппаймын. Сол себепті уақыт келе нүктесіне келіп тұр өзі.
Алғашқыда Баянның алдынан өткен Әуелбекова, енді Бағымның көңілін табуға әрекеттенеді. Мұхитденоваға да хабарласып, өзінің қуанышты күнінде қасында болуын өтінген. Ұстазы бара алмады, бірақ себебі бар...
Бағым Мұхитденова, музыкалық продюсер:
-Жеке концертіне Баян Мақсатқызын және мені екі рет шақырды. Бірақ өкінішке орай бара алмадық. Біздің дәл сол күнге, алдын-ала жоспарымыз құрылып қойған. 1-желтоқсанда Алматыда «Жыл таңдауы» марапаты өтті. Маған сол жоба аясында жүктелген жұмыстар бар еді.
Мөлдір, экс-жетекшілеріне қарыздар екенін ұмытпаған. «Кешьюде» шыңдалған әнші, өткен жылы «Құрмет» орденін еншіледі. Мемлекеттік марапатты таққан күні, өнер өкілдерінің басын қосып, ақ дастархан жайған еді. Бұл кешке шақырылған меймандар тізімінде Бағым да бар еді.
Бағым Мұхитденова, музыкалық продюсер:
-Екінші рет те өкінішке орай сәті түспеді. Бірден бара алмайтынымды айттым. Өйткені сол күні мен докторлық диссертациямды қорғадым. Шет елден арнайы комиссия келді.
Қос тараптың арасындағы кикілжің, көптің көңіліндегі күмәнді ойларға жол ашқан еді. Ең бастысы Бағым ханым, Мөлдірмен қарым-қатынасының жақсарғанын жасырмайды. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: «Ұстаз бен шәкірт татуласты!»