Гитарасын бостандыққа қалдырып, өзі алты жыл абақтыға кесілген Әлімбекова кеше отбасына қайта оралған-ды. Қоғамда қызу талқыға түскен бикеш, бұл жолы «қолхатпен» босатылған екен. Әншінің болашағы жайлы нақты бір пікір айту әлі ерте. Тек осы уақытқа дейін заң алдында істі болған әріптестерінің сәттілігі Гауһарға да серік болса дейміз...
«Меруерт Жадоны «шошқа» деді, дизайнер Түсіпбаеваны сотқа берді!» 2017-ші жылы әлеуметтік желіде тұтанған әріптестердің жанжалы, дәл осылай басталған еді. Үш ай бойы айқасқан қос тараптың, жетінші сот отырысында ғана оң шешімге келгені ел есінде.
Жадо, сәнгер:
-Мен кешірім сұраймын Меруерт ханым, бірінші бастағаныма, кешіріңіз...
Меруерт Түсіпбаева, әнші:
-Бірінші бастаған Жадыра Сахиева! Бірінші бастаған Жадыра Сахиева кешірім сұраса, сұрады! Менде екінші болып кешірім сұраймын. Жадыра Сахиевадан кешірім сұраймын...
Өмірін өнерге арнаған Тұңғышбай Жаманқұловты да бір жылдары құзырлы органдар әбігерге салды. Абырой болғанда, тосыннан келген сынақ Халық әртісінің сағын сындыра алмады. Алдағы уақытта әйгілі актер жеке театрын ашса, таң қалмаңыз!
Тұңғышбай Жаманқұлов, актер:
-Бір өзің шығу онша оңай емес. Жалғыз, бір актердың да театры да болады. Ондай нәрселермен де айналысуға болады. Ойлап жүрген шарулар бар түптің түбінде.
Істі болған жұлдыздардың тізімінде – Қайрат Түнтеков те бар. Осыдан алты жыл алдын құжатсыз рөлге отырып, көлік апатын жасаған суперстарлық сері сот залынан бірақ шыққан-ды. Ұзақ үзілістен кейін сахнаға оралған ол, алғашқы әсерін былай суреттеген еді.
Қайрат Түнтеков, әнші:
-Уайым әр адамда болады. Үлкен сахнаға... Сол поп-король Майкл Джексонның өзі, әр сахнаға шығар алдында, мыңдаған, миллиондағы адамның алдында қобылжимын деген.
Түнтековпен тағдырлас танымалдардың бірі – Ерболат Құдайбергенов. Осыдан 5 жыл бұрын ащы суды ұрттаған әртістің, жол көлік оқиғасына айыпты екені анықталған еді. Бүгінде рэпер өнерден қол үзген жоқ. Бірақ көк жәшіктен көп көрінбейді.
Ерболат Құдайбергенов, әнші:
-Қалған әншілер сияқты теледидардан көп көрінбеуімнің себебі, барлық жерде үлгеру оңай емес. Сол себепті түсінулеріңізді сұраймын.