Азамат Сатыбалды көрермендерге қатты өкпелі. Актердың кинопродюсерлік мансабындағы дебюттық картинасы – еш табыс әкелмеген. Ойдағы жоспары жүзеге аспаған өнер иесі, бір ғана фильммен шектелмек пе?
«Бір сен үшін» – Азамат Сатыбалдының киноөндірісте өзі қыржылай қолдау көрсеткен алғашқы картинасы. Сегіз жыл бойы сәби сүйе алмаған жұбайлар суррогат ананың көмегіне жүгінеді. Аталған фильмнің желісі дәл осындай. Бірақ қоғамдағы өзекті тақырыпты қозғаған түсірілім тобының еңбегі көрермен көңілінің қылын шерте алмаса керек. Бұл жоба - продюсерге бір тиын да пайда әкелмеген.
Азамат Сатыбалды, актер:
-Көңілімді қуантқан жоқ. Мен салынған ақшамды ғана қайтарып алдым. Ешқандай табыс тапқан жоқпын. Ал енді продюсер ретінде табыс таппаса, демек көңілің толмады деген сөз.
«Оралман из Питера» комедиясына продюсерлік еткен Арман Дүйсеновтің, әлемдік кинотуындылармен бір уақытта прокатқа шыққан жобасы, жеңіліс тапқан. Қалтасынан қағылған өнер иесі, келесі картинасын таспалауда – «жеті өлшеп, бір кесуді» көздеп отыр.
Арман Дүйсенов, композитор, продюсер:
-Алғаш түсірілген картинам арқылы, мынандай нәрсені түсіндім және ұстаным еттім. Дайындық кезеңі неғұрлым ұзақ болса, түсірілім кезеңі соғырлұм тиянақты, жұмыр әрі тәртіпті болады.
Мақпал Исабекованың отандық киногерлерге деген өкпесі қара қазандай. «Қамалу» толықметрлі фильмінде дебютант атанған Мақпалдың, бүгінде актрисалық мансабына сұраныс жоқ.
Мақпал Исабекова, әнші:
- Білмеймін, мені мүмкін актриса ретінде «серьезно» қабылдамайтын шығар, режиссерлар. Сондықтан білмеймін әзірге ұсыныс жоқ. Ұсыныс бар, көбінесе Мақпал өзіңізді келіп ойнап кетіңіз, Мақпал Исабекованы ойнап кетіңіз дейді. Мен оны қабылдамаймын. Өйткені мен үшін ол қызық емес!