Татулық тақырыбына келгенде, q-pop өкілдеріне корейлік әріптестеріне көз салса артық болмас! Әйгілі BigHit компаниясы «BTS» ізбасарлары атанатын тағы бір ұжымды жұртқа таныстыруда! Алайда, бұл бойзбенд өнердегі ағаларының жолын қайталай ала ма?
«BTS-тың» бағын жаққан BigHit жаңа ұжымына «TXT» деп айдар тақты. Музыкалық орталықтың түсіндіруінше, бұл атау - «Tomorrow X Together» деген сөздерден құралған. Яғни, «жарқын келешекке бірге ұмтылу» деген түсінікті негізге алған көрінеді.
Бүгінгі күнге дейін әйгілі интертэймент арнайы видео арқылы – болашақ бойзбендтің 5 өкілімен таныстырып үлгерді. Ұжымның құрамында қанша адам болары әзірге белгісіз. Ең алғаш елге таныстырылған топтың мүшесі – 19 жастағы Ёнджун.
«TXT»-дің көшбасшысы ретінде – Субин есімді жігіт таңдалып қойған деседі. Бүгіннің өзінде топ мүшелері жайлы таспаланған бейнеролик миллиондап қаралым жинап, көптің қызығушылығын тудыруда. Ұжым болса осы жылдың наурыз айында дебьютын жасамақ ниетте. Ал, «BTS-тың» ізбасарлары – ағаларының жетістігіне жете ала ма жоқ па, ол әзірге уақыт еншісінде.