«Қара пиарды» қару еткендер отандық шоу-бизнесте де өріп жүр. Атын шығаруды көздейтіндердің ойлап тапқан бұл тәсілі, олардың кәдесіне жарап жатыр ма? Хайпқұмарлар көшіне Серікқазы Аязбаев шолу жасап көрді.
Иә, «хайп» үшін – қымбат көлік те, ар-ұят та бес тиынға татиды. Мәселен, мына видеода теміртұлпарды талқандаған Сивидің көздегені – су жаңа картинасының жарнамасын арттыру болған. Бастапқыда жоспары жайлы жұмған аузын ашпаған Махмуди, кейін бұл тірлігін «қара пиар» екенін ашып айтты.
-Ол кезде біз негізі айтпаймыз ба дегенбіз. Типа, шынайы, солай болып қалады ма деп ойлағанбыз. Атыма кейбір кезде септігін емес, кесірін тигізіп жатса да жасаймын, амал жоқ!
Шаштарын түрлі-түске бояп, сырға таққан серілер де кезінде біраз шулатты. Қоғамға «Найнти уан» тобы әкелген дүмпу, бойзбенд продюсерін де бірнеше рет тығырыққа тірегені рас.
Ерболат Беделхан, продюсер:
-Негізі «91» сол басталғалы хайп та. Өкінішке орай, көбі басында жаман жағынан болып кетті. Бірақ, ең бастысы - ішкі дүниеміз, қандай ниетпен бастағанымыз. Нақты «хайп» – бұл елдің аузында жүру мәселесі, елдің назарын аудару. Бірақ оны сіз қалай аударасыз? Жаман жақпен, жақсы жақпен аударасыз ба? Ол сізге байланысты.
«Хайп» сөзін құлағы шалса, Сәкен Майғазиевтің төбе шашы тік тұрады. «МузАрт-тық» әнші «қара пиарды» қару еткен танымалдарға, талай мәрте қоңырау шалып, құйтырқы әрекетке тоқтау салуын талап еткен.
Сәкен Майғазиев, «МузАрт» тобының әншісі:
-Мен әшейін тек әлеуметтік желі ғана емес. Тікелей өздеріне хабарласып та айтып жүрмін. «Не деген бейбастық? Қойсаңдаршы, қысқартсаңдаршы. Сіздер түсінбейсіздер» - дегенге, саяды. Ол деген санасыздық. Сол себепті тағы да айтам, өнердегі әріпестеріме айтқым келеді. «Хайп» деп жүріп, «хайпқа» құл болып кетіп жүрмеңдер. Ескерту!
Бірақ ел ағасының ескертуін елегендер аз. Сондықтан болар, «хайпқұмарлардың» көздегені көбінесе сәтті бола бермейді.
Ақерке Бүркітбай, «Асыл» тобының әншісі:
-«Сәтсіз хайпке» келетін болсақ. Ол жезөкшелерді «ұрып» жүрген адам. Аты-жөнін білмедім, кім екенін. Бірақ енді сәтсіз болды. Әрине, ол қалай ұнауы мүмкін..?
Сондай-ақ, мейрамханада жаға жыртысқан Тәуекел Мүсілім мен актер Бауыржан Сатовтың қылығы, Бүркіттің «Логово» фильмін жарнамалау мақсатында арнайы таспаға тартылып, желіге жүктелгені мәлім болған-ды!