2018-ші жылдың соңында өткізен концертінде, су жаңа әннің тұсауын кескен Қайрат Нұртастың ұрлығы әшкереленді. Хитменнің халыққа таныстырған тың туындысы – плагиат болып шықты. Шетелдік шығармаларға жиендік жасауда алдына жан салмайтын әнші, көшірме әуендерге неге құмар?
Қайрат, көңіліне жаққан әнді орындаса – тезірек танытады. Ал, шет елдік шығармаларды шырқаса – бірден хит қылудың қамына кіріседі.
Қайрат Нұртас, әнші:
-Хит болып жатады. Неге хит болып жатады? Өйткені біреулер дұрыс жеткізе алмайды. Ал ол әнді дұрыс жеткізгің келеді де сенің. Қалай айту керек екенін. Түсінесіз бе? Сондықтан біздің плагиат әндерді айтатынымыз сол.
«Күттім-ай» – бұл Қайраттың репертуарын толықтырған су жаңа ән. Алғашқыда тыңдарман қазақ композиторының туындысы деп топшыласа, сәлден кейін әуеннің авторы қырғыз сазгері екені анықталды.
Қайрат Нұртас, әнші:
-Мен мысалға Қырғызстандағы бауырларыма: «Сендер менің әнімді алыңдар, мен сендердің әндеріңді айтып берейін» - деп айтамын. Сондықтан да мен «плагиат-млагиат» деген нәрсені түсінбеймін. Өзі жеті-ақ нота бар ғой. Бірақ ең бастысы әнді халық қалай қабылдайды, соған байланысты айту керек те.
Айтпақшы, айыр қалпақты ағайындармен оң қарым-қатынас орнатқан отандық әншілердің тағы бірі – Дастан Оразбеков.
Иә, тыңдарманға жақсы танылған «Көк аспан» әнінің қырғызша нұсқасы бұл. Ал, аталмыш әуенге «Ордалық» әнші өзгеше рең берген еді.
Дастан Оразбеков, әнші:
-Біздің Мирбек екеуміздің достығымыздың бар екенін біледі арамыздағы. Қарым-қатынасымыз теріс емес, оң әрқашанда. Бір-бірімізді демеп, біз оның 10 жылдың концертінде өнер көрсеттік. Ол біздің мерекелерімізде өнер көрсетіп жүр. Сондықтан да плагиат деп айтудың қажеті жоқ.
Мирбек пен Дастанның шығармашылық тандемі мұнымен тоқтап қалмақ емес. Қазақ-қырғыз өнерпаздары алдағы уақытта тағы да тың тректердің тұсауын кессе, таң қалмаңыз!