Елуді еңсерген Джей Зи

Сообщить о проблеме с эфиром

Әлемдегі ең үздік хип-хоп орындаушы деп танылған Джей Зи, бүгін жаңа жасқа қадам басты. 49-ға келген музыканттың бүгінгі байлығы 900 млн долларды құрайды екен. Рэпер, мансабындағы мұндай көрсеткішке қалай қол жеткізді?

Jiggaman, HOV, Hova, бүгінде Джей Зи. Дәл осындай түрлі лақап атпен өнер көрсеткен музыканттың шын есімі - Шон Кори Картер. Ол 90-шы жылдары рэп батлдарда бақ сынай жүріп, өнердегі жолын салған.

Суырып салма қабілетімен көзге түскен Джей Зи, бастапқыда Мэрайя Кэри, Big Daddy Kane сынды өнерпаздардың тректеріне үлесін қосты. Дегенмен, кейін жеке әнші ретінде қалыптасуды жөн көрген ол, «Roc-A-Fella» атты лейблын ашады. Ал Джей Зидің әлемге танылуына Бейонсемен сәтті айтқан дуэті септік болған еді.

Қос өнерпаздың қосыла шырқаған әр туындысы, үнемі музыкалық чарттардың көшінен табылатын. Әріптестік махаббатқа ұласқан соң, жұлдыздар 2008 жылы отау құрды. Үлгілі жұптың біріне айналған Джей Зи мен Бейонсенің бүгінде Блю Айви есімді қызы мен егіз сәбилері бар.

Джей Зи әлі күнге дейін сұранысқа ие рэпер! «Грэмми» марапатының бірнеше мәрте жүлдегерінің жылдық табысы - 77 млн доллар көлемінде. «Forbes» журналының пайымымен «ең бай хип-хоп орындаушылар» көшін дәл осы Джей Зи бастап тұр.