Төреғали «Азия» тобын алдап кетті.

Сообщить о проблеме с эфиром

Атышулы Төреғали «Азия» тобын алдап кетті. Аталған үштіктің кезекті клипінде кейіпкерлердің бірін сомдауы тиіс «Ұлы дала баласы» түсірілім алаңына келмеген. Сан соғып қалған трио жігіттері, тығырықтан шығар жолды қалай тапты?

Режиссер түсірілім алаңында, таспагер мен камерасы тас-түйін дайын, әншілер де әзір! Басты идея – «Азия» мен «Бақай» тобы бірігіп жазған «Класстастар» атты әніне бейнебаян таспалау. Бұл туындының жарыққа шығуына Кентал, «Найнти уан», Райым мен Артур, МС Сайлаубек сынды орындаушылардың танымал тректері мен отандық тоймэндердің хиттері себеп болса керек.

«Азия» тобы:

-Былай қарасаңыз қаншама ән жазып жатырмыз. Мағыналы, өзінің ойы бар, ой салатын әндер көп жазып жатырмыз. Жоқ дегенде «Азияның» студиясынан айына 2-3 ән шығады да. Ғаламторға салсақ еш жерде жоқ. Сосын осындай бір ән шығарып көрейікші, тыңдай ма екен дедік. Шығардық, тыңдап жатқан сияқты. Енді көрейік ары қарай. Не керек, соны береміз ғой халыққа.

Қос топтың жігіттері, бұл әннің арасына Төреғалидің де халыққа кең тараған хайпын қосыпты.

«Азия» тобы:

-Төреғалиге бұл әнді тыңдатқан кезде өзінің ұсынысы болды. «Мәә, жігіттер, мына жері бар екен маған келетін, сол жерді мен өзім айтайыншы» - деді.

Иә, Төреш көңіліне жаққан әннің видеосында да бой көрсетуі тиіс еді. Өкінішке орай, атышулы әнші түсірілім алаңына келмеді. Ал, «Ұлы дала баласы» мен Мұқасан Шахзадаевтың кейіпкерінің клипте диалогы бар еді.

Мұқасан Шахзадаев, әнші:

-Төреғали келу керек болған. Сағат 11:00-де келу керек болған шатаспасам. Сағат қазір... Қазіргі таңда сағат неше болды екен? Сағат қазір 13.00 болыпты...

Шегінерге жол жоқ, сценарий тосыннан өзгерді. Ал, клиптің соңында жеңіл әндердің насихатталуына аға буын қарсылығын білдіреді

Мұқасан Шахзадаев, әнші:

-Шындық, мағына жатыр. Жаңағы жеңіл сөздер, біздің қазақшылығымызға жат келетін әндерді тоқтату керек деген мәні бар.