Керменбаев пен Дұғалованың дуэтіне нүкте қойылды. Бұл жайтқа «Қара баланың» өзге аруды таңдауы басты себеп болған. Өйткені, бейтаныс бойжеткеннің вокалдық қабілеті, Жанарды шаң қаптырған көрінеді.
Иә, Керменбаевтың ойын өзгерткен осы қыз. Нұржан бұл әнді «Қазақ аруы-2018» байқауында қырғыз елінің атынан бақ сынаған қандас қарындасымен орындаған соң, Дұғаловаға әзілмен астарлап осылай сәлем жолдаған еді.
Нұржан Керменбаев, әнші:
-Жанар ренжімесін, бірақ Жанар Дұғаловадан да артық айтып шыққан сияқты. Көреміз! Жанар, расында да бұл сұхбатты көріп қалсаң ренжіп қалма! Бірақ расымен де солай. Өте талантты қыз екені көрініп тұр! Болашақта бұл қарындасымызбен де дуэт жазып қалатын шығармыз!
«Әміре» картинасы жарыққа шыққанда бірі мақтады, бірі даттады. Мәселен, Санжар Мәдиевтің ойыны көптің көңілінен шыққанымен, Мейрамбек Бесбаевқа жақпай қалған.
Мейрамбек Бесбаев, «МузАрт» тобының әншісі:
-Мен жетер жеріне жеткізді деп айта алмаймын шынын айтайын. Ренжімесін ол бауырым. Бірақ сәттілік тілеймін келешектегі өнеріне. Актерлық мансабына деп айта ма...
Жеңіс Ысқақова да бірбеткей. Ер мінезді әншінің қытығына тиесіңіз, бір ауыз сөзбен ғана сабаңызға түсіреді.
Жеңіс Ысқақова, әнші:
-Әй, тұра тұр айқайламай... Менің көтерілуім қиын. Көтерілсем цунами болады!
«Айтылған сөз, атылған окпен тең!» Ең бастысы өнер иелерінің бір-біріне деген өкпе-реніші жоқ. Өйткені орынды сын айтылса, олар дер кезінде оңалтуға тырысады.