«Ұлытау» тобының экс-солисі осыдан 15 жыл бұрынғы құпияны алғаш рет ашты. Аида Аюпова аталмыш ұжымнан кеткен уақытта Қыдырәлі Болмановпен түсінісе алмаған. Музыкант пен продюсердің текетіресі жайлы скрипкашының өзінен сұрап көрдік.
Аида Аюпова – «Ұлытау» құрамында 2001 мен 2002-ші жылдары тер төккен. Скрипкашы бикештің Болмановтан бөлек кеткен сәтін журналистер қауымы жарыса жазып, қос тараптың арадағы түсініспеушілікті тілге тиек еткен-ді. БАҚ өкілдерінің бұл тұжырымы шындыққа жанасатын секілді.
Аида Аюпова, «Ұлытау» тобының экс-солисті: -Иә, бір кездері түсініспеушілік болды. Бірақ мәселені ұрыс-керіссіз шештік. Біз бір-бірімізге дұшпан емеспіз. «Ұлытау» рок бағытында өнер көрсетсе, менің жаным джаз жанрын қалады. Топтан кетуімнің басты себебі осы шығар!
Бұрын бір ұжымда қызмет еткен әріптестердің қазір сәлемі түзу. Бірақ, кезінде Голливуд сахнасын бағындырған «Ұлытаудың», бүгінде шығармашылық талпынысы бәсеңси бастағандай.
Аида Аюпова, «Ұлытау» тобының экс-солисті: -Себебі, мен өнер көрсеткен уақытта біз Голливудқа бардық қой. «Ұлытаудың» қазіргі шығармашылығын бақыламаймын. Жалпы кез-келген өнер адамында тоқырау мен шарықтау шегі болады. Қыдырәлінің бірнеше жобалары бар. Мүмкін «Ұлытауға» уақыт таппай жүрген шығар.
Аидаға танымалдылықты «Ұлытау» тобы тарту етті. Бұл өнердегі әріптестерінің пікірі. Мәселен, Аюпованың сахнадағы құрбысы Жанна Орынбасарова, скрипкашыны аталмыш этно-рок ұжымы арқылы алғаш танығанын айтады.
Жанна Орынбасарова, әнші:
-«Ұлытау» тобында солист болған кезде, содан бастап білемін Аиданы. Сондықтан, сол кезден бастап Аиданың керемет кәсіби музыкант екенін білемін. Қазіргі күнге дейін өзінің деңгейін барлығымызға көрсетіп жүр.
Бүгінде жеке шығармашылығын қол алған Аида, меншікті мерекесінде «Музыкалық от-шашу» атты классика мен эстрада жанрлары тоғысқан концертін өткізді.