Отандық киногерлер, жаппай фильм түсіріп жатқан жұлдыздардың қарқынынан қорықты ма, болашақ туралы сөз қозғады. Мәселен, «әншілердің кесірінен жұмысымнан айырылып қалам ба» деген Қарлығаш Мұхамеджанова актерлық мектеп ашу туралы ойланып жүр.
Отандық киноқоржын күн санап тың туындылармен толығып жатса да, жаңа лентадарда Қарлығаш Мұхамеджанова төбе көрсетуді сиреткен. Сондықтан болар, актриса соңғы күндері табыс табудың өзге жолын қарастырып жүр.
Қарлығаш Мұхамеджанова, актриса:
-Актерлық шеберлікті шыңдауға арналған мектеп ашар едім. Алайда, онда сабақ беруге дайын емеспін. Ол үшін мықты мамандар керек. Ал менің өзімнің әлі үйренерім көп.
Тасадағы талантты танып, біреудің бағын ашсам деген үкілі үміт Қарлығаштың өзге де әріптестерінде бар. Әке жолын қуып, кинода атын қалыптастыруды қалайтын актриса Іңкәр Әбдіраштың да болашаққа құрған жоспары жетерлік.
Іңкәр Әбдіраш, актриса, продюсер, режиссер:
-Мен продюсер болып «Қазақ хандығында» жұмыс істедім, үлкен тәжірибе алдым. Болашақта басқаларға да продюсер ретінде көмектесем. Бірақ фильмді режиссер ретінде өзім жазған сценарийді ғана түсіремін деп ойлаймын. Сондай дәрежеге жетіп жатсам, әрине мен сабақ беруге дайынмын. Енді, 50 жаста немесе 25 жылдан кейін.
Есесіне, Нұртас Адамбай ұлағатты ұстаз атануға асықпайды. Режиссерлық тізгінді әншілердің қолына оп-оңай ұстата салар оның да ойы жоқ. Сондықтан өнер иесі, киномансабын дамыта түсуге құлықты.
Нұртас Адамбай, режиссер, актер:
-Енді, болашақта бизнес немесе қаржы мәселесін ойлау жоспарымда жоқ. Себебі, жасым келген шағымда рахаттана өмір сүргім келеді. Әзірше кино түсіру маған ұнайды. Кейін де осы іспен айналысатын шығармын. Өзімді басқа салада көре алмаймын.
Олай болса, Адамбаевтан талай тың туынды күтеміз