Әрдайым көзге оғаштау образдарымен жұрттың қызу талқысына түсетін Кәмшат Жолдыбаева бұл жолы Мақпал Жүнісованың ашуын тудырған. Әнші бикештің соңғы бейнебаянындағы ашық сахналар Халық әртісінің қытығына тисе керек. Ол су жаңа видеоны сынның астына алды.
Кәмшат кезекті клипіне айыр қалпақты ағайындардың әйгілі әншісі Мирбек Атабековпен бірге түскен. Қазақ қызы мен қырғыз хитменінің дуэтіне таспаланған бейнебаянда ашық сахналарға да орын бар. Жолдыбаева тың туындысында екі бірдей азаматпен қатар аймаласып, өнердегі әпкелерін өкпелетіп алған.
Мақпал Жүнісова, ҚР Халық әртісі:
-Мына бейнебаянын мен айтайын. Кәмшат ренжіме маған. Бірақ ұнаған жоқ. Мүмкін өзін актриса сияқты сомдадым деп тұрған шығар. Ол біріншіден әнші екенін ұмытпау керек – намыстарың бар. Болашақ ұрпақты біз қалай тәрбиелеп жатырмыз деген әр әншіде ой болу керек. Ол бәрін ашып-шашып, шешініп жата қалу деген масқара ғой.
Біткен іске сыншы көп. Мақпал ханым Кәмшатқа деген ренішін жеткізсе, өзге әріптестері үлкен Жолдыбаеваның жұртты дүрліктірген видеосына түсіністік танытуға тырысты.
Айжан Нұрмағамбетова, әнші:
-Жарасса, сценарий бойынша болса сонда оған дұрыс қарау керек. Ойбай ұят-ұят деп, таңертеңнен кешке дейін олай айтуға болмайды. Олар жастар ғой енді. Біз сөйтіп шықсақ ол ұят болатын шығар.
Ал, атышулы бикештің бұл бейнебаяндағы образына Кәмшаттың командасын кінәлайтындар да табылды!
Шахизада, әнші:
-Кәмшат өзім шешініп тастаймын деп емес, мүмкін қасындағы көмекшілерінің айтуымен істеп жүрген шығар. Кім біледі. Мүмкін идеясын басқа біреулер беріп жатқан шығар. Мынау қазіргі шоу-бизнесте өзін ерекше көрсетемін деп ойлайтын шығар.
Кәмшат елді елең еткізген жаңа жұмысы жайлы ешбір журналистке жақ ашқан жоқ. Қазнеттің қызу талқысына түскен сылқым, әріптестері мен желідегілердің сынына құлақ аспауды құп көрген секілді.