Тым талапшыл көрінетін Баян ханым үшін, соңғы кездері шәкірттерімен арадағы келісімшарттың көк тиындық құны қалмаған. Қаласа қол астындағы қыз-жігіттерді еркіне жібере салады! Атышулы Алагөзова шығармашылықтан шаршап жүр ме?!
«Біреулер келер, біреулер кетер!» Бүгінгі Баян Мақсатқызы басқаратын орталықтың ұстанымы дәл осындай. Алғашқыда «Лашын» тобында ән салып, кейін «Кешьюдің» құрамына қабылданған Сара Амангелді межелі мерзімнің мәресін күтпей, қалаған уақытта продюсерінен кетіп тынған еді.
Сара Амангелді, әнші:
-Баян Мақсатқызы мен Бағым Мақсатқызына келіп айттым. Менің жұмыс жасағым келмейді. Прям тура айттым... Менің контрактым біткен жоқ негізі. Аз ғана қалған. Бірақ, ол кісілер менің мінезіме қарап, айтты мына қыз қоймайды екен деп. Сосын жіберді...
Жігітпен жүрмейсің, тұрмысқа шықпайсың! Бұл Баянның қол астындағы қыздарға бұрыннан қоятын басты талаптары. Дегенмен, бекітілген ережені бұзған аруларға Алагөзова бастапқыда ашуланса да, уақыт өте бұрымдылардың жеке өміріне ерік беретіні байқалады.
Сара Амангелді, әнші:
-«Кешью» тобында ән айтып жүрген кезде, айтады ғой көңіл жарастырған жігітім болды.
Айтпақшы, келісімшарттың кей шарты жігіттерге де қолайсыз. «Алау» тобының экс-мүшесі аталмыш продюсерлық орталықта 2023-жылға дейін жұмыс жасауы тиіс еді. Бірақ Әсет Арыстанбектің шыдамы 30 айға ғана жетті.
Әсет Арыстанбек, «Алау» тобының экс-әншісі:
-Өйткені екі жақтан да ешқандай мәселе болып тұрған жоқ қой бұл жерде. Екі жақ шешім қабылдағаннан кейін бәрі обоюдно!
Ал, ұжымдағы тосыннан болатын өзгерістер продюсерды әбден шаршатқан. Сондықтан Баян үшін бұл сауалға жауап айту - таптаурын тақырыптың бірі.
Баян Алагөзова, продюсер:
-Шынымды айтсам топтан біреудің кеткенін, қайтадан өзге өнерпаздың келгенін айтудан шаршадым. Тәжірибесі толыққан кез-келген әртістің, өз бетінше қызмет ету заңдылық. Оған менің етім үйренген.
Енді Баян ханым бұрынғыдай бірнеше жобаны қатар алып жүруді қаламайды. Қазір өзі жетекшілік ететін орталықта «Кешью» мен «Алау» тобы ғана қызметін жалғастыруда.