Өз дәуірінде атағы аспандаған «Үркер» тобы да жаңа альбомның тұсауын кесті. Әйгілі ұжымның сахналық ғұмырына 25 жыл толыпты. Су жаңа үнтаспаның құрметіне тыңдаушыларының басын қосқан «Үркерліктер», қазіргі шоу-бизнестегі өнерпаздарға қатысты өкінішін де айтты.
Үркер тобы өздерін сағындырған тыңдармандарымен бас қосып, жаңа альбомның тұсауын кесті. Өнер иелері бұл әнжинақты, ұжымның 25 жылдығына арнаған.
Үркер тобы:
-Біздің жаңа альбомға 25 жыл бойы шырқалған туындылар мен 3 жаңа трек енді. Тыңдармандардың тарапынан да ұсыныс түсті. Әнжинақтағы туындыларды өзгеше нұсқада өңдеп, шектеулі тиражбен шығарып отырмыз.
Ұжым күнделікті тың жаңалықтарымен қуантпаса да, өнерден біржолата кетпегендерін айтады. Музыканттар кезінде хитке айналған тректерінің, әлі де сұранысқа ие екендеріне сенімді.
Үркер тобы:
-Менің ойымша, бізге жаңа стильге, жаңа бағытқа ауысудың қажеті жоқ. Біз тренд қумаймыз. Жасымыз келді. Жанымызға жақын жанрда музыка жазамыз. Бастысы, біздің өз аудиториямыз қалыптасқан.
Дегенмен, көзден таса болған Үркерліктер, топтың соңынан сұрау салып іздемеген тыңдармандарына ренішін де айтты.
Үркер тобы:
-Қазақстанда егер елдің алдына жиі шықпасаң, ұмыт қалдың деген сөз. Теледидар қосқанда көрінбей қалсаң, болды, сені өлдіге санайды. Ғаламтор бар, біз бармыз. Осындамыз.
Үркер тобының лидері Айдос Сағат болса, қазіргі замандағы жас әншілердің жанды дауыста өнер көрсетуде мүлдем әлсіз екенін айтып өкініш білдірді.
-Такой мальчик в дорогом пиджаке стоит, переминаясь с ноги на ногу, открывает рот под свой компакт диск. Вот это концерт во дворце Республики читается. Мы категорически против этого.
Фонограммасыз аузын аша алмайтын әншілердің көптігі де музыканттың ашуына тиіп жүр.
-Много не настоящих музыкантов, которые называют себя артистами. На самом деле, просто клоун с микрофоном.
Аты аңызға айналған ұжым сахнадағы 25 жылдық мерейтойын, 1 қараша күні ән кешімен атап өтпек. Концертте «Үркер» тобының экс-мүшелері де өнер көрсететін болады.