Айгүл Иманбаева, Дәулет Тұрлыханов, Қыдырәлі Болманов бастаған танымалдардың біразы ата-ене болуға қамданып жүр! Олардың жұлдызды бозбалалары отағасы атанып, ақ құсын қолына қондыруға әзір. Алайда, өнер өкілдері жар таңдауда ұлдарына қатаң талап қоятын көрінеді. Қандай? Жауабын тілшіміз біліп көрді.
Ата-анасының атақ-абыройының арқасында ел назарында жүргендердің бірі – Ерасыл Болат. 21 жасқа келген бозбала грек-рим күресінің балуаны Дәулет Тұрлыхановтың ұлы. Әке жолын қуып, спорт саласына бет бұрған Ерасыл бүгінде талай арудың өзіне көңіл білдіріп жүргенін жасырмайды.
Ерасыл Болат, Д. Тұрлыхановтың ұлы:
-Естіп тұрамын күнде қыздарға ұнайтынымды. Бірақ, оларды өмірімде көргенде менен қашады, ұялады, күледі. Көбінесе саусақпен көрсетеді. Бірақ, келмейді қасыма. Көбінесе интернетте жазады. Мен сені көрдім, сәлем, танысуға болады ма, атың кім деп сондайларды жазады!
Алайда, жас спортшы «отағасы» атануға әлі асықпайды. Әзірге мақсатым үйлену емес, 2020-шы жылы Токиода өтетін олимпиадаға дайындалу дейді.
Ал, актриса әрі әнші Айгүл Иманбаева жар таңдауда жалғыз ұлы Асылжанның жаңылыспағанын қалайды. Сондықтан, өнерпаздың болашақ келініне қояр талаптары да әзір.
Айгүл Иманбаева, актриса, әнші:
-Келіншек алғаныңа араласамын деп айтамын. Мен араласамын. Ол оны біледі араласатынымды психологиялық тұрғыда. Себебі, мен міндетті түрде бірінші анасына қараймын.
«Келін» мәселесі – соңғы күндері Майғазиевтер отбасында да жиі талқылануда. Сәкен ұлы Әділеттің адал жары атанатын қызды жұбайымен бірге жіті іздеп жүрген көрінеді.
Сәкен Майғазиев, «МузАрт» тобының әншісі:
-Баламнан үлкен қыздарға да көзім түсіп қалады кейде. Әзірге енді Алланың қалауы біледі және баламның өзінің шешімі болады. Жүрекке әмір жүрмейді ғой. Бірақ әзірге әке, ана Алла нәсіп етсе сіздер айтқан, сіздер маған кеңес берген қызға үйленемін деген сияқты айтып жүр.