Адам болса Қазақстандағы шоу-бизнес өкілдерінің жауапкершіліктен жұрдай екенін айтады. Өйткені, отандық өнерпаздармен құрған оның жоспары дер кезінде жүзеге аспаған. Әріптестерінен көңілі қалған ол, жақында әйгілі «Каста» тобының мүшесімен дуэт жазыпты.
Кезінде Ресей шоу-бизнесін дүр сілкіндірген «Каста» тобының өнерпаздары, енді қазақстандық әртістермен әріптестік орнатуды көздеген сыңайлы. Әйгілі ұжымның мүшесі Хамиль мен отандасымыз әнші Адам жақында жаңа әнді жарыққа шығарды. Ал, қос музыканттың таныстығы Астанада бастау алған.
Adam, әнші:
-Профессионалдық түсінігі бар. Қалай жазу керек, студиямен қалай жұмыс істеу керек? Қанша уақытта? Нақты 2:00-де бастаймыз, 4:00-де бітіреміз болды. Студияда осылай. Осыны жазасың, сен осыны жазасың. Әр адам өзінің жұмысын істейді. Сондықтан да жұмыс өте жеңіл өтеді.
Қазақстандық әншінің, шетелдік мамандардың шеберлігіне таңдай қағуы тегін емес. Осы уақытқа дейін бірнеше отандық өнерпазбен дуэт жазған ол, әріптестерінің жұмысқа деген салғырттығын талай көз жеткізіпті.
Adam, әнші:
-Қазақстанда бір-екі дуэт жазғанмын. Не түнде шығасың, не тойдан шыға алмайды. Ылғи да қиындықтар туып жүреді. Сондықтан да және бір дубльден жазады да, болады дейді. Ресейде олай болмайды. Мына жерде эмоцияң жетпейді, мына жерде техникаң жетпейді. Идеалға жетпегенше жібермейді.
Қазақ баласы ресейлік сахнаны бағындыруды көздейді. Шет елдік әріптестерінен шабыт алған Адам, саннан гөрі сапаға ден қою керектігін мықтап меңгерген.
Adam, әнші:
-Профессионализм ол жақта жоғары. Өйткені ол жақта конкуренция бар. Мәскеудің ішінде 20 миллион адам бар. Ол жерде сен жақсы істемесең, сенімен ешкім істемейді.
Қос елдің музыканттары таяуда тың трекке клип таспаламақ ниетте. Түсірілім жұмыстарын Ресей мен Қазақстанда жүргізуді жоспарлап отыр!