Алдымен танылу, кейін жеке кәсібін дөңгелету - бүгінгі шоу-бизнес өкілдерінің әдетіне айналғандай. Жалпы, бизнеске бет бұру үшін танымалдылық қаншалықты қажет? Отандық жұлдыздардың құпиясын ашуға тырысып көрдік.
Кешегі қобызшы қыз, бүгінде бизнесвумен. Иә, «Асылдық» Ақерке енді жеке кәсібін деңгелетуді көздейді. Бірақ бұрымдының бұл қадамы топтан кеткендігін білдірмейді. Керісінше сылқымға шоу-бизнес тың шабыт сыйлаған.
Ақерке Бүркітбай, «Асыл» тобының әншісі:
- «Осы адамдар қалай пысық болады? Неге мен осылай артында созылып жүрмін» - деп өзім кішкентай кезімде ойлайтынмын. Бірақ шынымен шоу-бизнес адамды тәрбиелейді. Шыңдайды, сенің ішкі мінезіңді тәрбиелейді.
Бизнеске деген бейімділік әнші қызыдң болмысынан анық байқалатындай. Өйткені, шоу-бизнесте Ақеркеден бөлек, «Асылдың» өзге мүшелері де жүр. Бірақ оларға іскерлік қабілет дарымаса керек...
Анар Аязбаева, «Асыл» тобының әншісі:
-Расында Ғалия екеуміз бір кәсіп бастаймыз ба деп жүргенімізге 2-3 жыл болып қалды. Әлі жинала алмай жүрміз. Әне бастаймыз, міне бастаймыз деп. Бір-бірімізге сенеміз бе, еркелейміз бе...
«Ринго» тобында да пысық жігіттер жетерлік. Бір қызығы олардың бизнес жоспары жанұялы болғанда ғана жүзеге асыпты.
«Rin’Go» тобы:
-Мысалы, балалардың жанұялары пайда болды. Сондықтан бір табыс көзі кейде жеткіліксіз болып жатады. Сондықтан да неше түрлі бизнес идеялар пайда болып, іске асып жатады.
Бүгінде Балжан Бидаш та – кәсіпкер ару. Қаршадайынан сән әлеміне құштар қыз, табыстың өзегі тек танымалдылықта емес дейді.
Балжан Бидаш, «KeshYOU» тобының әншісі:
-Мен танымалмын деп үйде жата бермеу керек. Ол сенің жұмыс істеуіңе байланысты. Мысалы, жарнама жасауың, киіміңді қалай таңдауың, қалай жұмыс істеуің соған да байналысты. Менің танымалдылығым керемет көмектесіп жатыр деп айта алмаймын.
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей»! Сондықтан, танымалдар ғана табысқа кенеледі деген стеротипті, санадан сызып тастаған жөн!