Қазақ боксы тарихындағы жаңа жетістіктердің авторы атанған GGG, алғаш рет жеңіліс тапты. Күні кеше Лас-Вегас қаласында ол Сауль Альвареспен, 12 раундтық жекпе-жек өткізіп, төрешілер шешімімен ұтылды. Біреулер Головкинді тағы да тонап кетті десе, біреулер оның көрсеткен төбелесі жеңіс үшін аздық етті дегенді айтады.
Орта салмақтың WBC, WBA (Super), The Ring және IBO чемпиондық белбеулері енді мексикалық Сауль Альвареске тиесілі. 2006 жылдан бері кәсіпқой рингте 39 айқас өткізіп, 34 нокаут тіркеген Головкин осылайша, төрешілердің шешімімен ең алғашқы жеңілісіне ұшырады. 15-қыркүйекте Лас-Вегастағы T-Mobile аренада өткен бұл жекпе-жек, бокс тарихындағы ең айтулы айқастың бірі болып қалмақ.
Бұл айқаста Головкин барлығы 879 мәрте жұдырық жұмсап, оның 234-і яғни 27-пайызы нысанаға дөп тисе, Альварестің сілтеген 622-і соққысының, 202-і жалпы 33 пайызы дәл бағытталған. Геннадийдің 332 ауыр соққысының 116-ы, ал Канелоның 366 ауыр соққысының 143-і қарсыласына дарыған екен. Жекпе-жектен соң сараптама жасаған әлемнің беделді БАҚ өкілдерінің 34-і жеңіс Головкинге тиесілі деген пайымға келсе, 15-і тең есеп тіркелді деген тұжырым жасаған, тек 2-еуі Канело ұтты деп санайды. Нәтижені хабарлаған сәтте, отандасымыз бұл шешіммен келіспей, рингті тастап кеткен болатын.
Геннадий Головкин, әлемнің экс-чемпионы:
-Мен өзімді чемпион сезінемін, ол да өзін чемпион санайды. Бүгін чемпиондардың жекпе-жегі өтті. Канелоның артқа шегінбей жұдырықтасу, менің жеңілгенімді білдірмейді. Мен жақсы айқас өткіздім. Төрешілер жеңісті оған берді. Енді үшінші кездесу жайлы сөйлесеміз. Бәрі жақсы! Мен әлі ораламын!
Жаһанға белгілі спортшылар, бокс мамандары мен өнер жұлдыздарының біразы GGG-ді төрешілердің тонап кеткенін айтып дабыл қақса, миллиондаған Канелоның жақтастары Мексиканың тәуелсіздік күніне тарту жасаған жерлестері үшін бөркін аспанға атуда. Қазақстандықтар болса Головкинді барынша қолдап, әлі-ақ қарымта қайтарасың деп жігерін жануда. 37-жасқа толатын Геннадий үшін Альваресті ұту – енді басты мақсат болмақ.
Сауль Альварес, WBC, WBA (Super), The Ring және IBO чемпионы:
-Мен өзіме жүктелген міндеттің бәрін орындадым. Нокаут жасай алмасам да, жеңіске жеттік. Жекпе-жекке құрған жоспарым Головкинмен бетпе-бет айқасу болды. Алғашы айқастан кейін шығарған қорытындымыз, бүгінгі жеңісімізге жол ашты. Бұл елім және өзім үшін маңызды жетістік!
БАҚ беттерінде қос боксшының үшінші жекпе-жегі болуы мүмкін деген ақпарат лезде тарады. Головкин мен Альварестің командасы да бұған қарсы емес. Кеткен есе мен нүктесі қойылмаған сұрақ бар. Орта салмақтың екі серкесі, текетіресін трилогияға ұластырса, жанкүйерлер оны асыға тоспақ.