«Арыстан патша» авторы Алматыда

Сообщить о проблеме с эфиром

Айтулы фестивальдің жаңалығы бұл ғана емес! «Арыстан патша» мультфильмінің режиссері Роб Минкофф Алматыға арнайы келді. Шетелдік киногер, тарихқа айналған туындысын кішкентай көрермендермен бірге тамашалап қайтты.

Аңызға айналған «Арыстан патша» лентасы көрсетілімінің алдында, бүлдіршіндер қызыл кілеммен жүріп өтті. Қанша дегенмен, әйгілі мультфильмді оның режиссерімен бірге тамашалау әркімге бұйыра бермесі анық.

Кейіннен арнайы жайылған қызыл кілемде, әйгілі режиссердің өзі де төбе көрсеткен еді.

Роб Минкофф, режиссер, продюсер:

-Алғаш рет ұйымдастырлып отырған фестивальге қатысып отырғанымыз үшін өте қуаныштымын. Бұл менің Қазақстанға тұңғыш рет келуім. Өте әсем мекен екен.

Симба есімді кішкентай кейіпкердің хикаясы, көрермен жүрегін бірден жаулаған болатын. «Арыстан патша» кассалық жиыны бойынша рекорд орнатып, «Оскар» мен «Грэмми» сынды айтулы жүлделерді жеңіп алды. Ширек ғасыр өтсе де, кинематографиядағы сәтті шыққан жобаның бірі болып қала бермек.

Роб Минкофф, режиссер, продюсер:

-Мультфильмге 25 жыл өтсе де, әлі де ұмытылмағаны қуантады. Меніңше, жыл сайын «Арыстан патшаға» деген қызығушылық артып жатқандай. Лентаны дүниеге әкелгенде, басты мақсатымыз халық көңілінен шығу еді.

Ал, Робб Минкоффпен бірге картинаны тамашалауға асыққандар қатарынан Амина Малғаждар да табылды. «Арыстан патша» кішкентай актриса дүниеге келмей тұрып, 18 жыл бұрын жарық көрсе де, лента оның ең сүйікті туындылары қатарында.

Арай Малғаждар, Аминаның анасы:

-Мен өзім «Дисней» мультфильмдерін өте қатты жақсы көремін. Сондықтан өзім жақсы көретін мультфильмдердің барлығын қыздарға көрсетіп шыққам. «Арыстан патшасы» бір сүйікті мультфильмдердің бірі.