«Мунлайт» тобындағы музыканттардың ойы бір жерден шықпаған. Нәтижесінде бестіктен тағы бір әнші кетті. Бозбала кезден достығы жарасқан жігіттердің, арасын алшақтатқан нендей оқиға дейсіз ғой?.. Біз сұрап білдік!
Таныстықтары Өнер колледжінің қабырғасында бастау алған бұл бозбалалар, алғашқыда Алуа Қонараваның қолдауымен «Джуниорс» атты топ құрды. Кейін азулы продюсерден жеке кетіп, «Мунлайт» ұжымының іргетасын қалаған еді.
Бүгінде бұл бестік квартетке айналған. Топтағы Ерік Төленов есімді мына жігіт, өз бетінше шығармашылыққа бет бұруды жөн деп шешіпті. Алайда, «Мунлайт» фанаттары тосыннан болған өзгерістің себебін біле алмай әуре-сарсаңға түскен.
Ерік Төленов, «Moonlihgt» тобының экс-әншісі:
-Себеп бәріне де қызық. Әр топта келіспеушілік болады. Және де жігіт болған соң төбелес болады. Өйткені бес ой болғаннан кейін, бес мінез болғаннан кейін ол әрине болады.
Ұжыммен жұмыс жасау қанша қиындық туғызса да, бұл жігіттер жаға жыртыспағандарын айтады. Бүгінде бойзбенд мүшелері бір пәтерде тұрады, өзара қарым-қатынас қаз-қалпында. Ал, Төленовке жеке дара шығып танылу идеясын ұстаздары ұсыныпты.
Ерік Төленов, «Moonlihgt» тобының экс-әншісі:
-Алуа Қонарова да дәл солай айтатын. Көп ұстаздарым мені жеке көретін. Бірақ мен оны түсінбейтін тұғынмын. Бірақ уақыт өте келе мен қазір түсіндім. Өзімнің жеке әнші болуға дайын екенімді. Және де адам жеке ойлап, жеке қиялдай бастаса, оған топта жүру қиындау.
Өз еркімен еңбектенуге кеткен Ерік, енді «91» тобының музыкалық продюсерімен әріптестік орнатқан. Талантты жігіттің негізгі табысы тойдан емес, кіріс әкелетін композиторлық қаламақасы бар.
Ерік Төленов, «Moonlihgt» тобының экс-әншісі:
-Жас орындауышылар бар. Үлкен орындаушылар бар. Сол кісілерге әндер жазып, әндер сатамын.
Айтпақшы, жаңа белесті бағындыруға аттанған Ерік Төленов, жаңа сахналық есім де таңдап қойған.
Ерік Төленов, «Moonlihgt» тобының экс-әншісі:
-Қазір «Кайл Рух» деген лақап атпен шығамын. Ол батыл, тәуелсіз, рух деген мағынаны білдіреді. Жеке шығармашылыққа белсене кіріскен «Кайл Рух», жуырда тың тректің тұсауын кесуге ниетті.