Бұл өнерпаздар «Блэк дайл» тобының экс-мүшелері. Жыл басында Есболат Беделханмен жанжалдасқан жігіттер, енді жаңа продюсермен жұмыс бастапты. Кью-поперлердің қазіргі жетекшісі украиналық азамат екен.
«Блэк дайлдың» бұрынғы мүшелері, қазір «Экью» тобын құрған. Ескелді мен Саматтың уақыты күндіз-түні дәл осы студияда өтуде. Олар қысқа мерзім ішінде алғашқы видеоны да таспалап үлгеріпті. Жігіттердің дебюттік клипі «Дәрумен» деп аталады.
«EQ» тобы:
-Бұл ән арқылы әр адам өзінің дәруменін алады. Яғни біреуге шабыт сыйлауы мүмкін. Біреуге көңіл-күй сыйлауы мүмкін... Біздің жеткізгіміз келгені дебют арқылы, кью-поптың дәрумендері келді демекпіз.
Жігіттер бұрынғы жетекшілері Есболатпен арадағы текетіреске нүкте қойды. Бүгінде жаңа продюсермен жұмыс бастап кеткен. Виктор есімді украиндық азамат - «Экью» тобының жаңа жетекшісі. Шет елдік тараппен келісімшартқа отырған қазақ балалары, енді бұрынғы қателіктерге бой алдырмаймыз деп отыр.
«EQ» тобы:
-Әрқашанда өзіңнің ойыңды айту керек. Әрқашанда өзіңнің жеткізгің келген дүниені жеткізу керек. Қарым-қатыныста адами тұрғыда түсініспеншілік болуы керек. True - шынайылық, fake – жалғандық! Біз осының алдында айналысып келген дүниелеріміздің, дұрыс емес екенін түсіндік.
Әріптестікті өрбіту туралы ұсыныс топтың тарапынан түскен екен. Продюсер мен «Экьюлік» өнерпаздардың таныстығы, «Блэк дайл» бойзбендінің құрамында жүргенде басталыпты.
Виктор Демьянюк, продюсер:
- Мен жігіттерді де, Есболатты да бұрыннан танимын. Ескелді мен Саматтың экс-продюсерлеріне ешқандай өкпе-реніш болмайды. Қазіргі таңда ортақ әңгіме де жоқ. Сондықтан, кіші Беделханмен қарым-қатынасқа нүкте қойғанбыз.
Жаңа жобасының жұмысына білек сыбана кіріскен Виктор, кью-поперлерді шет елдік сахнаға шығаруды көздейді. «Э-кью» тобы екінші бейнебаянын да таспалап қойған. Бойзбендтің таяуда тұсауы кесілетін тың туындысын тамашалауға дайын болыңыздар!