Қазақ эстрадасында таныс-тамырсыз да танылған таланттар жетерлік. Мәселен, Айридің су жаңа бейнебаянын ұсынғаны сол-ақ еді, әншіге өз жанкүйерлері Q-POP ханшайымы деген айдар тағып жатыр. Алайда, өнерпаздың бұл атаққа еш таласы жоқ. Неліктен? Тілшіміз біліп көрді.
«Мұңайтпа» әніне жаңа бейнебаян таспалаған Айриге, жанкүйерлері бірден оң қабақ танытты. Тың туындыға көңілі толғандардың кейбірі жас аруды q-pop жұлдызына балап жатыр.
Айри алғысын айтқанымен, тыңдарманның пікірімен келіскісі келмейді. Себебі, өнерпаз, өзін толықтай бұл бағыттың өкілімін деп атаудан аулақ.
Ayree, әнші:
-Менің ішкі сезіміме қандай жақын стиль болса, сол стильмен жұмыс істеймін. Сондықтан, қатты бет бұрмаймын. Кью-поп, кью-поп емес па ол.
Қай бағытта ән айтатыным маңызды емес, ең бастысы жүрек қалауын орындап, сапалы туынды шығару дейді ол. Мәселен, Айриге соңғы бейнебаянын таспалау оңайға соқпапты.
Ayree, әнші:
-Таңғы алтыдан бері, түнге дейін түсірілім болды. Және де осы күні елу градус ыстық болды. Біз он секунд үшін үш-төрт сағаттай, сол кукурузный поляда, ыстықта жүгіріп.
Экранның ар жағындағы құпияларымен бөліскен ару, ұсыныс түссе кейбір отандық орындаушылармен ортақ ән орындауға әрдайым дайын екенін де айтып қалды. Мәселен, солардың бірі – Ninety one ұжымы.
Ayree, әнші:
-Өте дарынды жігіттер. Біз Батырмен 3-4 жыл бойы таныспыз. Себебі, Қазақстан дауысына қатыстық. Бір-бірімізді жақсы білеміз, жалпы араласамыз.
Аталмыш дуэт жүзеге асады ма, жоқ па әзірше уақыт еншісінде. Ал, оған дейін Айри жеке шығармашылығына барынша кіріспек. Жаңадан әндер жазып, Қазақстан бойынша кішігірім турнеге атануды жоспарлап отыр.