Димаш «Жаңа толқын - 2018» байқауында.

Сообщить о проблеме с эфиром

Санаулы сағаттардан кейін «Жаңа толқын-2018» байқауының салтанатты ашылу рәсімі басталады. Аталмыш музыкалық шараның аясында, әйгілі «А-студио» шоу-концертін ұсынса, Димаш Құдайберген - құрметті қонақ. Ал, биылғы ән бәйгесінде ел намысын қай өнерпаз қорғайды?!

Мадияр Жүнісов – «Жаңа толқын-2018» байқауына Қазақстанның атынан аттанған өнерпаз. Жас орындаушылар додасында «Мэд Джун» лақап атымен өнер көрсететін жігіт – әуесқой музыкант.

Mad June, әнші:

-Барша қазақстандықтарға, ата-анама сәлем жолдағым келеді. Маған дәл осылай тәлім-тәрбие бергендеріңіз үшін мың алғыс.

Халықаралық жас әншілер сайысының жеңімпаздары 9-шы қыркүйекте анықталмақ. Байқау ұйымдастырушылары биыл қазақстандық өнерпаздарға ерекше ілтипат білдіріпті. Конкурстың алғашқы күні, яғни ертең «А-студионың» шоуы өтеді. Ал Димаш «Жаңа толқын» байқауының жабылу салтанатында ән шырқайды. Жуық арада Құдайбергеннің өзі әлемдік турнесіне аттанбақ екен!

Қанат Айтбаев, Д. Құдайбергеннің әкесі:

-Димаштың «D-Dynasty» концерттік турының басталғанын көзі қарақты көрермен жақсы біледі. Ресейде, тағы да Еуропаның басқа мемлекеттерінде өтетін концерттеріне қазір дайындықтар жүріп жатыр.

Қытайдағы «Ай эм сингер» жобасы Димаштың жұлдызын жаққанымен, қазақ баласы аспан асты еліндегі аудиториямен шектеліп қалмақ емес.

Қанат Айтбаев, Д. Құдайбергеннің әкесі:

-Негізгі жұмысы тек қана бір мемлекетте емес. Еуропалықтармен де, Араб мемлекеттерімен де, Қытай мемлекеті, Қазақстандағы үнемі концерттік шақырылымдарға қатысып тұрады.

Димаш сахнамен қатар, білімге де көңіл бөлуде. Осы жылы Елордадағы Ұлттық өнер университетін тәмамдаған ол, таяуда аталмыш оқу орнының магистранты атаныпты-мыс!