Венеция кинофестивалі жүлдесінің бірнеше дүркін иегері Ким Ки Дук болса, Алматыға келмек. Корейлік режиссерді енді Италия емес, Қазақстан көбірек қызықтыратын көрінеді. Себебі, елімізде тұңғыш рет халықаралық деңгейдегі Almaty Film Festival өткізіледі.
Барша БАҚ өкілдерін жинап, арнайы кездесу ұйымдастырған киногерлер, аталмыш фестиваль елімізде бұрын соңды болмаған деп сендіруде. Айтулы шара 15-19-ші қыркүйек аралығында, Алматы қаласында өтеді.
Ақан Сатев, режиссер, Almaty Film Festival президенті:
-Фестивальдің түпкі мақсаты - фильм арқылы әр елдің мәдениетін жақындата түсу. Сондай-ақ, шара арқылы еліміздің киноөндірісінің дамуына үлес қосып, еліміздің киносаласын өзгелерге жақсы жағынан таныту.
Фестиваль аясында, негізгі конкурсқа 10 картина қатысып, «Үздік режиссер», «Үздік актер», «Үздік актриса» сынды арнайы жүлделер табысталады. Ал, кіл мықтыларды таңдайтын қазылар алқасын басқару, Сергей Бодровқа тапсырылған. Сондай-ақ, негізгі сайыстан өзге, іскерлік жобалар аясында «үздік сценарий» марапатына үмітті анықталатын болады.
Әсел Сағатова, актриса:
-Өтінімдер көп болды. Соның ішінен талаптарға сай келетін 69-ын таңдап алдық. Ең үздік сценарий иегері кім атанғанын, фестивальдің жабылу салтанатында айтамыз. Жеңімпаз өз сценариі бойынша фильм түсіру мүмкіндігіне ие болады.
Қатысушылардан өзге, айтулы шараға кино майталмандары да шақырту алған. Олардың ішінде Венеция кинофестивалінің «Алтын арыстан» иегері Ким Ки Дук, әйгілі «Арыстан патша» мультфильмінің режиссері Роберт Минкофф та б4ар. Ал, қала тұрғындары болса, бес күн бойы конкурсқа қатысатын картиналарды көруге мүмкіндік алып отыр.
Ақан Сатев, режиссер, Almaty Film Festival президенті:
-Бұл дегеніміз керемет қой! Кез-келген адам қала кинотеатрларына барып тегін фильмдерді тамашлай алады. Оның үстіне аталмыш картиналар қолға түсе бермейтін, бірегей туындылар.
Еске салсақ, Almaty Film Festival шымылдығы Сергей Дворцевойдың «Айка» фильмімен ашылып, шараның соңғы нүктесін қою құрметі Ақан Сатаевтың «Бизнесмендер» картинасы бұйырыпты.