Салтанат Бекжігітова бұдан-былай, бойжеткендердің тәрбиесі мен болмыс-бітіміне жіті көңіл бөлмек. Қарапайым аруларды нағыз ханшайымға айналдыратын арнайы мектеп ашқан тележүргізуші, алғашқы түлектерді ұшырды.
Әрдайым көңілді жүретін Салтанат, айтулы сәтте көз жасына ерік берді. Қанша дегенмен, бұл Бекжігітованың сұлулық мектебінен түлеп ұшқан алғашқы арулары еді. Танымал тележүргізуші, бір жарым ай бойы бойжеткендердің қазіргі заманға сай ханшайым атануы үшін, бар інта-жігерін жұмсаған болатын.
Салтанат Бекжігітова, тележүргізуші, «SULUBOL» мектебінің негізін қалаушы:
-Біздің мектепте бірнеше мұғаліміміз бар. Барлықтары өз ісінің хас шеберлері. Дефиле сабағын өзім беремін. Этикет сабағын Сәуле Уакбаева деген, Қазақстандағы бірінші және жалғыз кәсіби түрде этикетті беретін мұғалім.
Бұдан өзге, әсемдік мектебінде стилистика, өз-өзін әрлеу сынды аруларға ауадай қажет салалардан дәріс өткізіледі. Мақсатым, сырт-келбеті мен жан-дүниесі сұлу, өзіне сенімді, қазіргі заманның нағыз аруларын тәрбиелеу дейді Салтанат.
Салтанат Бекжігітова, тележүргізуші, «SULUBOL» мектебінің негізін қалаушы:
-Бойым ең ұзын болатын мектепте. Бәрі мені кекететін жирафсың, страус, швабрасың деп. Өз-өзіме сенімсіз болып өскен қызбын. Бірақ, оған қарамастан, өз-өзіме үлкен жұмыс жасадым. Сол сенімді қыздарға бергім келеді.
Ал, Бекжігітованың мектебіне бұрымдысын сеніп тапсырған ата-аналар, 21-ші ғасырдағы қазақ қызының жаңа кейпі осындай болса дейді.
Гүлбану Құсаинова, Аиша Құсаинованың анасы:
-Айша осы мектепке келіп, көп нәрсеге үйреніп жатыр. Ұлдарымыз қыздай, қыздарымыз ұлдай болып кеткен заманда, мына жерде қыздың бойына тән, нәзіктік және ұстанымдық соның барлығын, осы мектепте үйрене бастады десем болады.