Әлем чемпионатына қазір еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейін жанкүйерлік етіп жатқан жайы бар. Ал, күні кеше Қазақстан біріншілігінің басты матчы Алматыда өткен еді. «Қайрат» өз алаңында «Астанадан» ұтылды! Енді, оңтүстік астаналық жанкүйерлер клубтың бас бапкері жұмыстан кетсін деп дау шығаруда.
«Ел класикосын» тамашалауға келген жанкүйерлер, Алматының Орталық стадионына лық толды. Елордалық және Оңтүстік астаналық клубтардың жасыл алаңдағы жекпе-жегі әркез қызықты. Премьер лиганың чемпиондығын таласқа салған қос командаға да жеңіс ұпайы ауадай қажет.
«Қайрат» бірінші таймды тамаша бастаған... Сәт сайын шабуылдап, 30-шы минутта Исламбек Қуат алыстан шірене теуіп, есеп ашты. Дегенмен, «Астана» сапынан Деспотович үзіліске дейін таразы басын теңестіре алды. Матчтың 88-ші минутында Роман Мұртазаев мергендік танытып жеңіс добын соқты. Өз алаңындағы бұл жеңіліс, 12 жылдан бері чемпиондық бұйырмаған «Қайраттың» жанкүйерлеріне оңайға соққан жоқ.
Ақылбек Досжан, «Қайрат» ФК жанкүйері:
– Өкінішті матчтар мұндай болмайды, өкінішті матчтарда ойын дұрыстап қойылады. Бірінші қате тренередікі. Біздің жаттықтырушыны ауыстыру керек. Екі жыл бұрын, мен «Қайраттың» ойындарын қалдырмайтынмын, қазір ойындардан қалып бара жатырмын... Өйткені ойын қызықсыз болып бара жатыр, үмітім үзіліп бара жатыр «Қайраттан» кәдімгідей.
Жаттықтырушыға мін тағу, алаңдағы ойыншыларды сынау жанкүйер үшін қалыпты дәстүр. Дегенмен, екі команданың чемпиондық жолдағы бақталастағы, ойыншылардың теке-тіресінен де көрініс тауып жатады.
Ненад Эрич, «Астана» ФК қақпашысы:
– Бұл матч өте тартысты өтті. Алғашқы таймда «Қайрат» қарқынды ойнаса, екінші таймда «Астана» басымдық танытты. Теке-тіреске толы ойын болғандықтан, футболшылардың жүйкесі сыр беруі заңдылық.
Енді, 43 ұпайы бар «Астана» тунир кестесінің көшбасшысы, ізіндегі «Қайрат» 8 ұпайға қалып келеді. Елордалық команда 17 матч өткізсе, алматылықтар олардан екі кездесуге кем ойнаған.