1974 жылдан бері 11 әлем чемпионатына үзбей қатысып, 2 мәрте жаһандық мундиальдың жеңімпазы атанған Аргентина құрамасының жолы болмауда. Ресей жеріндегі әлем біріншілігінде Мессидің командаластары, Хорватияға оңбай ұтылды. Енді, олар тіпті топтан да шыға алмауы ықтимал.
Бұл жаһандық мундиаль бұрынғылардан өзгерек. Себебі, азуын айға білеген кейбір құрамалар үшін топтан шығу үлкен қайғыға айналса, аутсайдер саналған командалар ешкім күтпеген жеңіс ұпайларын еншілеуде. Бірақ, бұл көрсеткіштерді сәтсіздікке немесе кездейсоқтыққа балау да үлкен қателік! Демек, жоғарғы деңгейлі футбол ойнауға қабілетті елдердің қатары өскен.
Бұлай деп кім ойлаған?! Атағынан ат үркетін Аргентина, бітіспес бәсекелесі Хорватиямен кездесуде қауқарсыздық танытты. 53-ші минутта қақпашылары қателікке ұрынып, Анте Ребич оны жазалады. 80-ші минутта Лука Модрич алыстан шірене теуіп, әдемі голдың бірін соқты. Соңғы допты еншісіне жазған - Иван Ракитич! Енді, 0:3 есебімен ойсырай ұтылған Мессидің командасына, тіпті Д тобынан шыға алмай қалудың қауіпі төніп тұр.
Күні кеше Перу құрамасын 1:0 етіп тізе бүктірген Француздар «С» тобына көш бастаған. Олар келесі ойында Данияға ұтылса да, плей-офф кезеңіне сөзсіз шығып тұр. Қазір қоржынында 4-ұпайы бар Дат елінің футболшыларымен 1:1 есебімен тең тарқасқан Автралия үшін, ендігі матчта Перуді тек жеңу қажет. «А» тобында 6-ұпайдан еншілеген Ресей мен Уругвай командалары да сөзсіз 1/8 финалына күні бұрын жолдама алды. Екі кездесуден өткізген «В» тобындағы Португалия мен Испания да 4-ұпайға иелік етсе, олардың ізін 3-ұпайы бар Иран өкшелеп келеді. Қалған командалардың арасында майдан қыза түспек!