Димаш Құдайбергенге танымалдылықты тарту еткен «Славян базары», биыл қазақ баласын қазылыққа шақырыпты. Әнбайқаудың төрайымы болуға Роза Рымбаеваға да ұсыныс тасталған. Ал, осы жылы жас орындаушылар додасында ел намысын кім қорғайды?!
Роза Рымбаева, ҚР Халық әртісі:
-Биыл жюри мүшесі ретінде, төрайым болып қалуым мүмкін. Себебі былтыр да ұсынылғанмын. Бірақ, мен былтыр ЭКСПО-дағы концертіме байланысты мен ол жерде ұзақ бола алмадым да. Сол ашылуына қатыстым.
Роза ханым, «Славян базары-2018» әнбайқауында ел намысын қорғайтын қатысушыдан бейхабар болып шықты. Биыл аталмыш додаға Қазақстанның атынан Ернар Садырбаев есімді өнерпаз аттанабақ.
Отандық шоу-бизнесте «Әmre» лақып атымен танымал жас әнші, осы уақытқа дейінде халықаралық додаларда талай мәрте топ жарған. Бүгінде 23 жастағы талантты жігіт Алматыдағы Өнер академиясында білім алады.
Сәкен Майғазиев, «Музарт» тобының әншісі:
-Мен оның азды-көпті жеткен жетістіктерін білемін. Алыс-жақын шет елдерде қазақтың намысын жыртып жүргенін, туымызды көкке көтеріп жүрген азаматтардың бірі. «Славян базарында» да жақсы өнер көрсетеді деген ойдамын.
Роза Қуанышқызы төрайым, Димаш Құдайберген әділқазылардың қатарында. Ал, Қазақстандық қатысушыға сәттілік серік бола ала ма?!
Роза Рымбаева, ҚР Халық әртісі:
-Мен енді жюри ретінде талай Қазақстанның әншілері барған кезде, жүрегім ауырып отырады. Себебі, олар ерекше болса екен деп отырамын. Басқа жюри мүшелеріне қолдаңыздар деп айту үшін, менің орындаушым ерекше болуы керек. Сондықтан, ол бала ерекше болса екен деп армандаймын.
Сәкен Майғазиев, «Музарт» тобының әншісі:
-Ол жерде сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ шығар. Бірақ десек те Әмре өте жақсы, кең диопазонды жақсы әнші!
Биыл «Славян базары» байқауы Белоруссияның Витебск қаласында, шілде айының 12-сі мен 16-сы аралығында өтеді!