Бұрын Талғат Кенжеболатовтың аты аталса, «SuperStar KZ», «Х-фактор» сынды байқаулар ойға оралатын еді. Бірақ, мына видеоға қарап, бүгінде Кенталдың, той әншілерінің тізімін толықтырғанын аңғармау мүмкін емес. Ол тіпті жас жұбайлардың қуанышында тегін өнер көрсетіп жүрген көрінеді. Әншінің көздегені не?!
Кентал кезекті клипінің тизерін желіге кеше жүктегенімен, бұл бейнебаян өткен жылдың тамызында түсірілген. Көктемді сарыла күткен сері, тың туындының тұсауын той науқанының қарсаңында кесуді көздеп келген екен.
Kental, әнші:
-Себебі тойдың бәрі жазда. Сондықтан менің сабыр етіп, күткенім сол. Енді уақыты келді. Сол жарыққа шығардым.
Осы уақытқа дейін сезімге толы әндерді шырқаған Кенталдың, жаңа видеосы «Құдағи» деп аталады.
Kental, әнші:
-Мақсат тойға шығу. Осындай ән керек екен бізге, тойға. «Қазақтың тойы бітпесін» - деп арнайы шығарғанмын ғой сол әнді.
Клиптің сюжетінде жас жұбайлардың қуанышты күні суреттеледі. Кентал сәтті кадрлар үшін, екі күн қатарынан тойларда тегін ән салыпты.
Kental, әнші:
-Он сегіз тойға кіріп-шығып, тегін өлең айтып, мақсатым клип түсіру. Неге тегін, сол клип түсірдік.
Бұл ән жарыққа шыққалы, Талғаттың телефонына тыныштық жоқ! Ата-анасы күнде қоңырау шалып, бойдақ жігіттің құлақ етін жейтін көрінеді.
Kental, әнші:
-Қашан құдағиымыз болады? Қашан құдалармен бірге қыдырамыз? Бір-бірімізбен дос болып, тойларға барамыз. Қашан болады ол дейді.
Бірақ, отыздан асқан Талғат отағасы атануға асығар емес! Сүйіктісін жолықтырып үлгермеген сүрбойдақтың, сансыз сауалдарға сылтауы дайын.
Kental, әнші:
-Әр адамның маңдайына жазылғаны болар. Сондықтан бұйырғаны болар!