«Өнер адамы болса кеш үйленіп, асықпай тұрмыс құрады». Бұл бүгінгі қоғамда қалыптасқан пікір. Ал олардың өздері, бұл пайымды жоққа шығармақ ниетте және сәтін салса, қазір шаңырақ көтеруге дайын. Бірақ, жұлдыздардың қайсысы дәстүрлі «қалыңмалдан» қашқақтап отыр?!
«Үйлену оңай, үй болу қиын» бұл біздің шоу-бизнес өкілдерінің ақталғанда айтатын нақылына айналғандай. Жасы келіп қалса да, шаңырақ көтеруге асықпайтындар, жүз түрлі сылтаумен «Қашан үйленесің?» деген сұрақтан сытылып кетіп жатады. Бірақ, «ондай жандардың қатарынан емеспін» деген актер Олжас Әлжанов, той күнінің алыс еместігін астарлап жеткізгендей.
Олжас Әлжанов, актер:
- Жасым 29-ға келді. Анамның қолын ұзартқым келеді.
Актердің «қалыңмал» төлейсіз бе деген сұраққа жауабы мынадай.
Олжас Әлжанов, актер:
- «Қалыңмал» деген енді біздің солтүстік жақта жоқ деп естігем. Оңтүстіктен қыз алып жатсақ, төлеу керек болса төлейміз, егер де керек емес болса бізге жақсы.
Олжас, келешек жарым қай өңірден болса да қуанамын дейді. «Қалың мал» төлеуден қашпайтын жұлдыздардың қатарында Дидар Кәден де бар. Салтқа берік сері, «теңім үшін бәріне төземін» деп отыр.
Дидар Кәден, әнші:
-Мен өзім салт-дәстүрді ұстанатын адаммын да. Сондықтан қандай болмасын, мен сол салт-дәстүрмен аламын. Төлеу керек болса, төлеймін.
«Теңімді әлі таппадым, әйтпесе тегін-ақ кетуге дайынмын» деген Құралай Анарбекова, мұндай «әдет-ғұрыпты» қатты ұстана бермейтінін айтады.
Құралай Анарбекова, әнші:
- Ондай уақыт өтіп кетті деп ойлаймын. Жаңағы қалың мал берсін, киттесейік деген. Ондай уақыт өтіп кетті.
«Қалыңсыз қыз болмас» деген көзқарасты, бүгінде өзге құндылықтар алмастыра бастағандай... Өнердегі жігіттер сұраса дәстүрден аттамауға, сұрамаса қаржыны қалтасында қалдыруға әзір. Қыздар жағы қосағын тапса, салт деп салмақ салмауға да іштей келісіп отыр.