Өткен жылдың соңында төрттікке айналған «Асыл» тобында тағы бір өзгеріс бола қалса, таң қалмаңыз! Декреттік демалыстан оралған Ғалия, енді ұжымдағы құрбыларының бірін тұрмысқа дайындап жатыр. Ал, бұл жолы қобызшы қыздардың қайсысы қалыңдық атануға ниетті?
Ғалия қатарға қайта қосылғалы Анардың тынышығы бұзылған. Өйткені жас ана, бала кезден бірге өскен әріптесінің тезірек қалыңдық көйлегін кигенін қалайды. Мәселен, Мұратова 28-інде ақ келін атанса, құрбысы Анардың жасы қазір 30-дан асқан.
Ғалия Мұратова, «Асыл» тобы әншісі:
-Біздің Райханға 21 жас, Ақерке 25 жаста.
- Ол тек екі қызға ғана айтады. Маған тездет деп жүр енді.
- Қимаймын да қыздарды. Әдемі жас болғаннан кейін, әлі де өнерлері бар. Анарды қия беремін. Анар кетсе қуанамын.
Бүгінде, бұл тақырып тек құрбылардың арасында ғана емес, Анардың үй ішінде де жиі талқыға түседі екен. Ғалия тұрмысқа шыққалы, туыстары жасы келген қобызшы қыздың құлақ етін жейтін көрінеді.
Анар Аязбаева, «Асыл» тобының әншісі:
-Астарлап айтатын еді. Тұрмысқа шығып, отбасылы болған қандай жақсы дегендей. Қазір Ғалия тұрмысқа шыққалы бері тікелей бетіме сұрақ қоятын болды. Қашан деп?!
Бұл сауал қанша жолданса да, Анар ата-анасына мардымды жауап беруге асығар емес. Ал, Ғалия отбасылық өмірдің қызықтарын қанша жарнамаласа да, құрбымның қозғалатын түрі көрінбейді дейді.
Анар Аязбаева, «Асыл» тобының әншісі:
-Отбасылық өміріндегі барша жақсы, қызықты жайттарды маған айтып отырады қызықтырып. Қызығып шығады-ау деп ойлайды. Жоқ әрине қызыққаннан пайда қандай.
Иә, Анар сұлудың ақ келін атану әзірге ойында да жоқ екенін аңғарғандаймыз. Есесіне топтың өзге мүшесі Ақерке, болашақ жарына қояр талаптарын жіпке тізгендей баяндап берді.
Ақерке Бүркітбай, «Асыл» тобының әншісі:
- Жігіттерге қоятын талаптар деген кезде, списокты ашып, жайып жіберуге болады. Себебі, ең бірінші менің сүйіктім барлық жағынан биік болғанын қалаймын. Моральдық, физикалық және материалдық жағынан болсын.